Клубтың ашылғанына тура бір ай болды. Әзірге қатысушылардан Марал, Нұрқанат, Әділжан, Әзімхан, Жаңыл, Серік есімді алты адам ғана бар.

Біз келгенде қыздар мен жігіттер кезекті билерін дайындап жатыр екен. Дайындық барысы көңілді өтіп жатты. Оны көздеріндегі от пен езулеріндегі күлкі айтып тұрған еді. Ешкім ешкімді жетелеп жүрген жоқ, әркім өз бетімен, арбаны аяғындай сезініп, еркін билеп жүр.

©SZH.kz
©SZH.kz

«Бізде насихаттау жағы дұрыс жолға түспей жатыр. Содан кейін де келушілер саны аз», -дейді клубтың жаттықтырушысы Дәкен Төребекова. — Мүгедектердің спорттық биі үйірмесі Алматы қаласында тұңғыш рет ашылып отыр. Басқа облыстарда мемлекеттің қолдауымен ашылса, біз өз күшімізбен, мейірімді жандардың қолдауымен құрылдық».

«Кездейсоқтықтар кездейсоқ болмайды»

Бұндай клубты ашу туралы ой Дәкен Төребековаға 2004 жылы келген. Сол жылы Тараз қаласында  «Жас Дарын»  жас таланттарды қолдау қоғамдық бірлестігін ашады.  Іссапармен  шетелге шыққанда, мүгедек жандарға арналған спорттық би жарыстарының бар екенін естиді де, қолға алуды ойлайды. Алайда, бұл ой 2013 жылы ғана жүзеге асқан. Алғашқы шәкірті — Тараздағы интернат үйде тұратын Талғат Амангелді деген бала. Талғаттың жұбы — Толғанай Төребекова. Олардың алғашқы аяқ алыстары бірден жетістікке бастаған. 2013 жылы ҚР Кубогін жеңсе, 2014 жылы Кореядағы Инчхон қаласында өткен жарыста 7-орынға аяқ тіреген. «Осыдан кейін елімізде паралимпиадалық спорттық биді дамытуға болатынына көзіміз жетті. Бұрын Таразда едік, қазір Алматыға ауыстық»,-дейді жаттықтырушы.

«Біз қанша уақыт биге арналған зал іздедік. Түрлі кездесулерге барғанда лайықты залдар қай жерде бар екенін, бағасын сұрастырып жүрдім. Сондай бір кездесулерде «Заңғар» сауда орталығының басшысы Сабина Амангелдімен танысып, сөйлестім. Ол қайда жаттығып жүргенімізді сұрады. Мен: «Біз қазір жаттығып жүрген жоқпыз – орын жоқ»,-деп едім, сауда орталығынан бір зал ұсынды. Бағасы қанша болатынын сұрап үлгерместен, «Маған ештеңе керек емес, осы қайырымды істің бір бөлшегі болғым келеді», -деп, тегін берді. Қуанып кеттім. Кездейсоқтықтың өзі кездейсоқ болмайды екен»,-дейді Дәкен Төребекова.

Қазір орталықта Дәкен Төребекова өзінің ұл-қызымен жаттықтырушы болып жүр. Қызы – Толғанай Төребекова мен ұлы Тәуке Төребеков биден ҚР чемпиондары. Дайындық қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Дәкен Төребекованың айтуынша, арбада билеуді қызы Толғанай бірінші үйренген. «Биде арбаны басқаруды үйрету үшін өзің оның қыр-сырын толық білу керексің. Сырттан «Былай істе»,-деп көрсету оңай болғанымен, өзің істегенде бірталай қиын. Сол үшін өзіміз де әр жаттығудың алдында арбаға отырып, жаттығып аламыз. Өткенде айналып қимыл жасайтын жерінде қолды қалай жіберерімізді білмедік. Сосын мен өзім арбаға отырып, қимылдар жасап көрдім. «Методом тыка» арқылы анықтадық»,-дейді Дәкен Төребекова.

«Әлем чемпионы өзінің қабілетін білмей үйде отырған шығар»

Бұл клуб бүгінде Алматыдағы мүгедек жандарға арналған спорттық клубпен тығыз жұмыс істейді.  Дәкен Төребековаға олардан үйде отырған, спортпен айналыспайтын мүмкіндігі шектеулі жандар туралы ақпарат алып отырады. «Соларды шақыруды ұсындық. Олар өз мүмкіншіліктерін білу керек. Өйткені, бұл тек қана билеу емес, бұл паралимпиадалық, Пара-Азиялық спорт түрі. 2020 жылы  Жапониядағы олимпиадаға енгізеді деп күтіп отырмыз. Неге сол ойында Қазақстанның туын алып шықпасқа?»,-дейді жаттықтырушы.

Клуб дайындық залын тегін алып отырғанын айттық. Алайда өзге демеушілер болмағандықтан, ақылы түрде 4 жастан үлкен балаларға арналған би үйірмесін ашқалы жатыр. Бағасы әлдеқайда төмен. Себебі, оларға биге арналған арбалар мен киімдер керек. Жаттықтырушының айтуынша, әр бишіде кемінде  үш киім болуы керек, себебі латын-американдық, еуропалық және арнайы бағдарламаға қатысуды мақсат етіп отыр. Онда әрбір спортшы он екі биден:  бес латын-америка, бес еуропалық, екі арнайы биден жарысқа түседі.

©SZH.kz
Әділжан мен Марал дайындық үстінде. ©SZH.kz

«24 қыркүйек күні ЦСК стадионында өтетін шараға Марал мен Нұрқанат қатысайын деп жатыр. Олардың киімін 470 мың теңгеге Алматы әйелдер клубы тіктіріп берді. Оған қатысуға себеп – адамдар осындай клубтың ашылғанын көруі керек, келуі керек. Мүмкін Әлем чемпионы өзінің қабілетін білмей үйде отырған шығар. Біз қазір үйде отырғандарды іздейміз, шақырамыз. «Мен де биші, балерина болар едім», -дейтін мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Солардың арманын орындағымыз келеді. Бұл сала әлемде 1976 жылы ашылса, Алматыға 2016 жылы келді. Арасы 40 жыл. Біз халықаралық жарыстарға шыққанда ешкімнен кем емеспіз, тек тәжірибеміз аздау»,-дейді Дәкен Төребекова.

Айта кетерлігі орталықта алты адам дайындалып жатса да, оларға ортақ бір ғана спорттық арба бар. Жаттықтырушының айтуынша, басқа арбалармен билеу қиын болғандықтан, дайындық кезінде жалғыз арбаға кезек болады.

«Бізге керегі – спорттық арба, бидің арбасы. Таразда жүргенде Зүлфия Габидуллинаның арбасын қолданған едік. Қазір тек бір арба ғана бар. Оны бізге Америка елшілігі берді. Демеушілік танытып, арба алып берейік деген адамдар болса, қуанып қалар едік. Бізге көп арба керек»,-дейді орталықтың жаттығушысы Жаңыл Балтабаева. (Бұл есім таныс па?)

Жаңыл Балтабаева
Жаңыл Балтабаева. ©SZH.kz

«Бізді ортақ мақсат біріктіреді»

Жаңыл Балтабаева – әлемдік спорт додаларында Қазақстанның намысын қорғап жүрген паралимпиадашы, жүзуден ҚР  төрт дүркін чемпионы, жеңіл атлетика спартакиадасының екі дүркін чемпионы, су спорты спартакиадасының қола жүлде иегері, Сочиде өткен ХІ Паралимпиаданың қатысушысы. Жаңыл орталықпен Таразда болған кезінен бері жұмыс істеп келеді. Оның туғанынан бастап мүгедектігі бар (сол аяғына ампутация жасалған). Бірақ, бұл оған тоқтау салған жоқ.

«Би де – жаттығудың бір түрі. Мен өзімді айтпай-ақ қояйын, үйде отырғандардың бұл орталыққа қатысқаны қуантады. Енді олар билей алады. Мен олардың қалай билейтінін көрдім. Әлі талай жарыстарда оза шауып шығатындарына сенемін. Өзім де арбамен билеп көрдім. Қиын. Бірақ, бимен жарыстарға шықпаймын. Себебі, шаңғы, биатлон спортындамын. Аптаның аяғында Самарқандқа барамын. Онда байдарка мен каноэде есуден жарыс өтеді» — дейді  Жаңыл Балтабаева.

Бұл орталықта Жаңылдан өзге тағы бір спорт шебері бар. Ол Серік Есматов.

Серік Есматов
Серік Есматов. ©SZH.kz

Серік – Халықаралық дәрежедегі І дәрежелі спорт шебері, отырып ойнайтын волейболдың құрама капитаны.

«Осы үйірмеге ашылғалы бері келіп жүрмін. Дакен тәте өзі шақырды. Мен ол кісімен қалалық спартакиадада таныстым. Қазір биден өзге пауэрлифтингпен, жүзумен, үлкен тенниспен айналысамын. Үлкен теннистен Қазақстанның спорт шеберімін. Оның сыртында актерлік қабілетімді де сынап жүрмін. Жақында «Анаға жол» фильмінде эпизодқа түстім. Электронды музыка жазамын»,-дейді Серік Есматов. –Бұрын санап жаттықсақ, қазір музыка ырғағына ілесе бастадық. Биде гармония бар. Жұппен билеген ерекше күш береді. Қозғаласың, күлесің. Өмір сүргің келеді. Бізді ортақ мақсат біріктіреді».

Орталық бишілерінің бірі – Марал. Жаттықтырушының айтуынша, ол орталыққа келген бір айдың ішінде өте жақсы нәтиже көрсеткен.

Марал, 27 жаста: Бұл орталыққа танысымнан естіп келдім. Үйде текке жүргенше, қатысып көргім келді. Кішкентай кезімнен билеп көрмегенмін. Тіпті билеймін деген түсіме де кірмепті. 24 қыркүйек күні өтетін турнирге дайындалып жатырмыз. Үйде отырғандарға осында келуге кеңес беремін. Көбі арбамен жүргеніне ұялады. Менің арманым көп. Осы салада жақсы биші болғым келеді.

Серік Есматов
©SZH.kz

Спорттық биге дайындайтын орталықтың ашылғанын Әділжан да таныстарынан естіп-білген. Әділжан осыдан екі жыл бұрын артериовенозды мальформациямен ауырып, отадан кейін тұра алмай қалған. Далаға шықпай, күйзеліске ұшырап, үйде отырған күндерінің бірінде  интернет арқылы өзі сияқты таныстар табады. Олар Әділжанның  нөмірін Дәкен Төребековаға берген екен.

Әділжан, 29 жаста: Ешкімнен кем емес екенімді көрсеткім келеді. Біздің қоғамда мүгедектерге қайыршы сияқты қарайды. Билегенде мүгедек екенімді ұмытып кетемін. Сау сияқтымын. Үйде жатқаннан осы дұрыс, адамдармен араласып, көңілің бөлініп қалады. Аптасына 3 күн келеміз. Бәріміз тағдырлас болғаннан кейін болар бір-бірімізді түсінеміз. Мұнда өте көңілді. Арманым – аяққа тұру. Би көмектесіп жатыр, үйде де жаттығамыз, ем үзілген емес».

Орталықтың алға қойған мақсаттары көп. Бишілер үстіміздегі жылдың мамыр айында өтетін спартакиадаға қатысып көрмекші. Ол туралы Дәкен Төребекова: «Біз жаттығушыларымыздың клубтың алғашқы қатысушылары ғана емес, Алматы қаласының алғашқы нәтижесі болғандарын қалаймыз. Арбадағы спорттық биден Алматының намысын қорғауға ешкім шыққан жоқ. Біз медаль алуға тырысамыз. Балалар да «Тек қана медаль керек»,- деп отыр. Біз нәтиже көрсетсек, мүмкіндігі шектеулі басқа адамдар да келе бастайды деп ойлаймын»,-деді.

спорттық би
©SZH.kz

Дәкен Төребекованың шәкірттеріне қарап отырып, өмірге деген көзқарасыңыз өзгереді. Олар өмірдің сынағымен күресе білетін, жігерлі жандар. Олар тағдырдың басқа салғанына көніп отыра бермей, керісінше ағысқа қарсы жүзетін қайсар жандар. Олар өмірдің мәнін бізден де терең түсінетін жандар. Олар… Иә, олар туралы көп айтуға болады. Бастысы, олар – паралимпиадада еліміздің намысын асқақтататын, көк туымызды желбірететін спортшылар.

Егер клубқа қолдау білдіріп, демеушілік танытам десеңіз, хабарласыңыз. Игі істің бастамашысы өзіңіз болыңыз!

Толық ақпарат алу үшін:
+77013962311
ЦУМ Сауда орталығы «ЗАҢҒАР » Абылай хан Жібек жолы қиылысы

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Дарын Шөкенов