«7-20-25» бағдарламасы бойынша Астана, Алматы, Ақтау мен Атырауда үйдің ең жоғарғы құны 25 миллион теңге, өзге өңірлерде, соның ішінде Алматы облысында 15 миллион теңге деп бекітілді. Осы бағдарлама бойынша баспана алуға 76 жетісулық өтінім берген, оның жартысынан көбі мақұлданды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық құрылыс басқармасы тұрғын үй және инженерлік желілер бөлімі басшысының міндетін атқарушы Саид Дәрменов баяндады.
Спикердің айтуынша, өңірде «7-20-25» бағдарламасы бойынша 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Пәтерлер құны 15 миллион теңгеден аспайды. Осы бағдарлама аясында баспаналы болу үшін әуелі қарыз алушы екінші деңгейлі банкке жүгіне отырып («Центркредит банкі», «АТФБанк», BankRBK, «Халық банкі», «Еуразиялық Банк», «Цеснабанк, ForteBank), қаржы төлеу мүмкіндігін растауы қажет. Одан кейін банк мақұлдаса, клиент құрылыс салушы компаниямен келісімшартқа отырып, көптен күткен үйіне қол жеткізеді.
Жиында ҚР Ұлттық банкі Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Әлия Сәкенова бағдарламаның тиімділігі жайлы айтты.
Бұл бағдарлама бойынша жылдық мөлшерлеме 7% болса, ипотека тұрғын үй құнының 20%-ы көлеміндегі бастапқы жарнамен және 25 жылға дейін беріледі. Бұл жұмысы, тұрақты табыс көзі бар адамдарға мемлекет тарапынан өте тиімді ұсыныс болып отыр. Себебі үйді жалдап тұрғаннан гөрі сол қаражатты өз баспанаңа құйған абзал. Несие алам деушілер міндетті түрде жоғарыда айтылған банктерге жолығып, толығырақ ақпарат алуға болады, — дейді ол.
Айта кету керек, қазіргі таңда «7-20-25» бағдарламасының мобильдік қосымшасы әзірленіп жатыр.