Тұңғыш бала

Кейінгілері тумай тұрғанда ата-анасының бар махаббаты үйдің тұңғышына тиесілі. Ол келесі бала туғанда өзінің жайлы, қауіпсіз орнын босатуға міндетті болады. Бұл оқиға оның отбасындағы орнын да, өмірге көзқарасын да өзгертеді. Себебі енді ата-ананың назарын өзіне қарату үшін күресу керек болады. Бірақ үйде кішкентай нәресте барда ата-ананың бірінші балаға бұрынғыдай қарауға шамасы жетпейді. Сөйтіп тұңғыш бала дербестікке, лидер болуға үйренеді. Кейде бұл процесс қиын өтуі де мүмкін. Бала мазасыз болады, ұйқысы, тәбеті бұзылады, балабақшаға баратын болса, басқа балалармен қарым-қатынасы бұзылады. Кейде анасының назарын аудару үшін түнде кіші дәретін ұстай алмайтын кездері болады. Осындай өзгеріс байқалса, ата-ана бірінші баланы да іні-қарындасының күтіміне араластыруы керек.

Біріншіден, бала осылайша үйде болып жатқан түсініксіз процестен мүлдем шеттетіліп қалмайды, екіншіден жауапкершілік, шыдамдылық, байқампаздық сияқты жаңа қасиеттерді үйренеді, бұл оның өсіп-жетілуіне көмектеседі. Баланың дербес болуына мән беріп, өзі кішкентай істі болсын жақсы істесе, мақтап, қолдау көрсету керек және қолынан келетін тапсырма беру арқылы өзіне деген сенімін арттыруға болады. Адлердің айтуынша, тұңғыш балалар өз құқығы үшін күресіп үйренгеннен өмірде үлкен жетістікке жетеді. Көбіне қалыптасқан дәстүр мен ережелерді сақтауға бейім болады. Отбасы өмірінде жоспарлаушы, іс бастаушы, белсенді болады. Қамқор ата-ана болу қолынан келеді. Зерттеулерге қарағанда олардың интеллектінің дамуы үйдегі басқа балалардан көшілгері болады. Оның себептерінің бірі — бірінші бала келесі бала дүниеге келем дегенше белгілі бір уақыт аралығында екі үлкен адамның ортасында өседі, яғни екі ақылды ересек қалыптастырған ортада жалғыз өзі шыңдалады. Ал келесі бала болса, ол ортаны бірінші баламен бөліседі.

Ортаншы бала

Көпбалалы отбасы үшін ортаншы бала деп бірнеше баланы айтуға болады. Туғаннан оған ағасы не әпкесі үлгі болады. Солардай боламын деу олардың даму темпін тездетеді. Ертерек жүреді, ертерек сөйлейді. Тұңғыш бала мен екінші баланың арасы 2 жастан кіші болса, мұны «жалған егіз» деп атайтын зерттеушілер де бар. Олардың айтуынша, мұндай жағдайда екінші бала тұңғыш балаға қарағанда белсендірек болады. Жалпы ортаншы бала жарысқа бейім (әсіресе тұңғыш баламен жынысы бір болса) болады, өзгенің өзін құрметтегеніне қатты мән береді.

Адлердің өзі үйдегі екінші бала болған, сол себепті бұл теориясында оның жеке тәжірибесі жатуы мүмкін. Ортаншы балалар туралы бір ғана пікір айту қиын. Көпбалалы отбасыларда жүргізілген зерттеу бойынша ата-ананың қаттырақ жақсы көретін балалары тұңғышы мен кенжесі екен. Ортаншы бала я үлкен емес, я кішкентай емес. Үнемі бірінші де бола алмайды, бірақ үнемі кенжетай да бола алмайды. Сондықтан ортаншы балалар үшін қиыны — өзінен мықтырақ тұңғыш баламен де жарысады, өзінен әлсіз кіші баламен де жарысады. Алайда кіші балаға қамқор болатындықтан ортаншы балалардан эгоист шықпайды. Кейде алдына ешқашан жете алмайтын қиын мақсат қоюы мүмкін, кейін содан өзі қиналады. Есейгенде көбіне кез келген авторитетті мойындағысы келмейтін «бүлікші» болады. Отбасында нақты өз орны болмағандықтан мүмкіндігіне (оқуда, жұмыста) сенімсіздік танытатын кезі көп болады. Кейде басқалармен жарыстың құралы ретінде көп ішу, көп тамақ жеу, көп ақша жұмсау сияқты жолдарды таңдайды. Орталық позициясының арқасында түрлі адаммен іскерлік қарым-қатынас құра алады, бәріне достық пейіл таныта алады, келіссөз жүргізу қолынан келеді.

Кенже бала

Кенже баланың да отбасындағы жағдайы ерекше. Бір жағынан, ол ешқашан ата-ананың махаббатынан айырылып қалдым деп сезінбейді, ата-ананың да, үлкен бауырларының да махаббатын иеленеді, екінші жағынан тәуелді жағдайда қалып қояды, себебі үлкен балаларда еркіндік те, физикалық мүмкіндік те көбірек. Әрі көбіне өзіне ғана тиесілі заттары аз болады, үлкен балалардың киімін киеді. Кейбір зерттеу бойынша кенже баланың жағдайы бәрінен қиын, тәуелсіз болуға ұмтылады, бірақ тәжірибесі аз, тәуелді болған да ұнайды, себебі бәрі оны еркелетіп, жақсы көреді. Осыдан кенжелер ішімдік ішуге, басқа да жағымсыз әрекетке көбірек тәуелді болады деген пікір де бар. Енді-енді әлеуметтік өмірге бейімделіп келе жатқанда үйдегі аға-әпкесі, ата-анасы барлық қалауын орындауға тырысып тым еркелетіп жіберуі мүмкін. Салдарынан «қауіпсіздік сезімі» мықты болады, сондықтан өзін-өзі бағалауы басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары болады, дегенмен басқа адамдардан көп қолдау күтеді.

Кенже бала көбіне отбасындағы «бастық» сияқты, кішкентайынан бірнәрсе қаласа, оны қатты жылап, не агрессиямен көрсетеді. Үлкендерден озып кетем деген мотивациясы күшті болғандықтан ең жылдам жүзетін, жылдам жүгіретін, ең жақсы оқитын балалар болады. Адлер «күрескер кенже баладан» болашақ революционер шығады деп суреттеген, бірақ осы қалауының әсерінен жауапкершілігі төмен, жеңілтек, тәрбиеге байланысты проблемасы көп, біреуге бағынудан қиналады. Ойын-сауықты жақсы көреді, өміріне жеңілтек қарайтын сияқты әсер қалдырады. Араласатын адамдары әртүрлі, бірнеше әлеуметтік топқа мүше болады (мектепте, студенттік кезде). Креатив ойлай алатын, адамдарға жалпы жылылықпен қарайтын, кез келген жағдайға тез бейімделетін, әзілді түсіне алатын адамдар — осы кенжелер.

Жалғыз бала

Туған бауырлары жоқ баланың өмірі бір мезгілде әрі керемет, әрі жаман. Ең басты ерекшелігі — бәсекелесінің болмауы. Анасының маxаббатына деген асқан сезімталдығымен қатар әкесімен жиі түсініспейді. Себебі бейсаналы түрде анасының маxаббаты үшін басқа бауырларымен емес, әкесімен бәсекелесуі мүмкін. Мұндай балалар біраз уақытқа дейін анасының қанатының астында болады. Айналасынан отбасында көрген қамқорлық пен қолдауды күтеді. Өмір сүру стилінде эгоцентризм мен тәуелділік байқалады. Жалғыз бала бүкіл балалық шағында отбасы өмірінің мәні болып келіп, кейін, Адлердің айтуынша, аяқ астынан ұйқысынан оянғандай енді бұрынғы маңызын жоғалтқандай сезінеді.

Балалар кітап
Иллюстрация: Dribbble.com/©Unini

Жалғыз бала өзінің ерекше ролін ешкіммен бөлісіп көрмегендіктен өз қатарластарымен қарым-қатынас құруда қиналады. Үйдің үлкені де, кішісі де өзі болғандықтан мінезінде үлкен баланың мінезі де болады, есейгенше балалық мінезі де қалмайды. Бір жағынан отбасы жағдайына байланысты басқа адамдардан көмекті жеңіл қабылдайды (мысалы, тұңғыш балалар біреуден ақыл, көмек қабылдауға қиналады). Жалғыздықты жеңіл өткереді, өзін жоғары бағалайды. Жалғыз балаға көп үміт артылатындықтан және айналасында уақытын арнайтын үлкен адамдары көп болғандықтан оқуда үздік, өмірде жетістікке жиі жетеді, білімді, логиканы тексеретін сынақтарда жоғары көрсеткіш көрсетеді. Бәрін мінсіз қылып істеуге тырысатыны кейде шектен шығып, бірнәрсемен шамадан тыс әуестенетін немесе, керісінше, мүлдем ештеңеге зауқы соқпайтын кездері болады. Басқа адамдармен уақыт өткізгеннен гөрі жалғыздықта өзін жақсырақ сезінеді. Бұл адамдарды жақсы көрмейді деген сөз емес, бар болғаны өзімен-өзі болғанды ұнатады.

Ешқандай психологиялық теория тұлғаны 100% суреттеп бермейді. Себебі өмір жолымызда бізге түрлі жағдай мен адамдар әсер етеді. Ойымыз да, өмірлік тұжырымдарымыз да бірнеше рет өзгеріп, толысып отырады. Бірақ психологиядан хабардар болу — адамның өз ішкі әлемін түсінуіне, өзімен танысуына талпыныс. Өзіңізді өмір бойы зерттеуге дайынсыз ба?