Ақтауда 6 жасар қызды зорлады деген күдікті ұсталды

Күдікті Ақтау түбіндегі құрылыстардың бірінен табылған.

«Қазіргі уақытта ұсталған ер адамның бұл қылмысқа қатысын анықтау мақсатында бірқатар сараптама жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді», — деді Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Шолпан Юлдашева.

Еске салайық, оқиға 20 тамызда Ақтау қаласында болған. Түске дейінгі уақытта әжесі 6 жасар немересімен №1 ықшамаудандағы жұмысына келген. Немересіне қарауға уақыты болмаған әжесі баласына телефон соғып, қызын алып кетуін сұрапты. Біршама уақыт өткеннен кейін әйел өз немересінің жоқ екенін байқайды. Бастапқыда ол немересін әкесі алып кетті екен деп ойлайды. Алайда телефон соғып, қыздың әкесінің келмегенін білген ол немересін өзі іздей бастайды. Жоғалған қыздың туыстары оны бастапқыда өздері іздеген. Арада 2,5 сағат өткеннен кейін олар полицияға хабар берген. Жоғалған қызды іздестіруге Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамы түгелдей жұмылған.

Полициядағылар қыздың сол күні 17.30 шамасында табылғанын хабарлапты. Қыздың жағдайы ауыр болған, көп қан жоғалтқан, күн өтіп кеткен. Тәртіп сақшылары оны «Нұр Плаза» жағалауына қарама-қарсы саяжайдан тапқан. Қыз балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Осы уақытта полицейлер бірнеше күдіктіні ізін суытпай ұстаған. Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта ұсталғандардың бұл қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Ал кейін полицейлер 6 жасар қызды зорлаған адамды іздестіруге көмек сұрап, күдіктінің бағыттамасынтаратты. Осы дерекке «Зорлау» бабы бойынша қылмыстық істің қозғалғаны белгілі.

ДереккөзҰлт