“Әке көрген оқ жонар”, “Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды” дейді халық даналығы. Баланың тұлға болып қалыптасуына, жетістікке жетуіне отбасының, соның ішінде әкенің әсері көп. 2000 жылы Олимпиада чемпионы атанған  боксшы Ермахан Ыбырайымов қандай отбасында тәрбиеленді, әкесі қандай адам болды. Алдымен осы туралы сөз қозғайық.

Менің әкем…

Менің әкем ауылдағы қарапайым шаруаның бірі еді. Бір қарағанда, Жер бетінің миллиондаған тұрғынынан еш айырмашылығы жоқ сияқты. Бірақ әкемнің тәрбиесі мені нағыз жігіт, ер азамат деген атқа лайық болуға тәрбиеледі. Жамбыл облысы Рысқұлов ауданы Жақсылық ауылында ауыл шаруашылығымен айналысатын қарапайым отбасында дүниеге келдім. Балалығым сол жерде өтті. Әкем өте еңбекқор кісі еді. Бізді де сондай болуға баулыды.

Ермахан Ибраимов
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әкем әмбебап адам еді. Кезінде қойшы да болды, егінмен де айналысты. Қажет кезінде су таситын көлік айдап, техникалық жұмыстарға да бел шешіп кірісіп кететін.

Ес білген сәтімнен бастап, мен де егін орып, шөп шауып, малқораны тазалап, атқа жем беріп, қозы-лақ пен бұзау бағып өстім. Әкеміз бізді осылай шыңдап, спортқа да, еңбекке де қатар үйретті. Сондықтан болар, мектепке барғанда спорттың барлық түріне бірдей епті болдым. Жүгіру керек болса, бірінші келемін. Доп ойнау керек болса, одан да алдыңғы қатардамын. Күрес, атқа мінуден де озық болдым. Баланы жан-жақты етіп тәрбиелеу керек деп ойлаймын. Сонда бала кез келген салада жетістікке жетіп, кез келген ортаға жылдам үйреніп кетеді.

Ермахан Ибраимов
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әкем маған спортқа бар деп жол көрсетпегенімен үлкен спортқа дайын, денсаулығы мықты, физикалық жағынан белсенді тұлға етіп тәрбиеледі. Кейін мектеп-интернатта оқып жүргенде түрлі үйірмеге барып, спорт байқауларында бақ сынап жүрдім. Әкем ауылдан келген сайын арқамнан қағып: “Жарайсың” деп, бір қап ет-қымызын беріп кететін.

Ермахан Ыбырайымов өзінің әкесі туралы айтқанда ауылдағы балалық шағы есіне түсіп, біраз әңгіменің басын қайырды. Өзі балаларын білекке емес, білімге сенуге тәрбиелейтінін айтты. Қоғамда чемпионның баласы чемпион, шенеуніктің баласы шенеунік болуы керек деген түсінік бар. Олимпиада чемпионы бұл түсінікті теріске шығарды.

Балалар және спорт

Өзім спорттың қыр-сырын меңгергендіктен оның пайдасы туралы да жақсы білемін. Сондықтан өз балаларымды спорт үйірмесіне жетектеп апарып, бапкердің қолына өзім тапсырдым. Жаттықтырушылар Олимпиада чемпионының баласы ғой, болашақта бұл да чемпион болатын шығар, спортқа икемі жақсы шығар деп үлкен үмітпен қабылдайды.

Ермахан Ибраимов
Айсұлтан. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Алғашқы екі ұлым waterball, яғни су добымен айналысады. Одан кейінгі ұлым Аманбек баскетбол ойнайды. Аманбек спортқа қарағанда есепке жүйрік. Айсұлтанымды футболға берсем деп отырмын. Басқа ұлдарыма қарағанда осы Айсұлтанымның спортқа икемі бар. Одан кейінгі ұлдарым әлі кішкентай. Ерасыл мен Жантөре дейтін бұзықтар сәл есейген соң ыңғайына қарай күреске, боксқа баулитын шығармын. Оны уақыт көрсетеді.

Бірақ балаларыма “Білекті бірді шығады, білімді мыңды жығады”, сондықтан білімге көп көңіл бөліңдер, елімізді білімді жастар көркейтеді” деп жиі айтамын.

Ермахан Ибраимов
Аманбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Көпшілігіміз үйде “әкең келеді”, “әкең ұрсады”, “әкең ренжиді” деген тіркестермен тәрбиелендік. Ермахан Ыбырайымовтың үйінде бұл дәстүр әлі күнге дейін сақталған. Спортшының пікірінше, бала тәрбиесінде мұндай тәсілді оларды қорқыту үшін емес, сыйластық қалыптастыру үшін ұстану керек екен. Ермахан Ыбырайымов өздерінің шағын мемлекетіндегі жазылмаған заңдар мен ережелер туралы да айтып берді.

Бала тәрбиесі туралы

Балаларымды еркелетпеймін. “Баланы бес жасына дейін Құдайыңдай күт, бес жастан кейін құлыңдай жұмса, одан кейін досыңдай сырлас” деген сөз бар. Бес жасқа дейін еркелетемін, әкелік махаббатымды көрсетемін. Одан кейін қатал ұстаймын. Әке дейтін тұлғаның өзі осындай сабырлы, байсалды, қатал бейнемен танылуы керек. “Әкесін сыйламаған адамнан без” дейді.

Негізі ұл балалар анасына, қыз балалар әкесіне жақын болады. Бұл – қазақ отбасында ертеден қалыптасқан жағдай. Ұлдарымды нағыз ер жігіт етіп тәрбиелеу үшін қаталдық танытамын. Қоғамда “балаларды ұл, қыз деп бөліп қарамау керек” деген пікір жиі айтылады. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Мұсылмандар ұл мен қыздың айырмашылығын, міндетін анықтап қойған. Бұл теңсіздік емес, тәрбие деп ойлаймын. Ұл балалар мен қыз балаларды бөлек оқытатын оқу жүйесін қолдаймын.

Ермахан Ибраимов
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

“Тәртіпке бағынған құл болмайды” деген Бауыржан Момышұлының сөзі рас. Біздің үйде де сондай тәртіп бар. Бірақ балаларымыз бұл тәртіптен қысылып, қиналып өмір сүрмейді. Бәрі еркін. Ережелер қарапайым, тәртіпті сақтамағандарға берілетін жаза да сондай. Мысалы, қазір балалардың бәрі телефон, гаджетті жиі қолданады. Біздің үйде бір тәуліктің екі сағатын ғана интернетке кіруге арнау керек. Кім де кім белгіленген уақыт межесінен асып кетсе, интернетті үш айға өшіріп тастаймыз. Үйдегілер бұл ережені біледі және қатаң ұстанады.

Ермахан Ыбырайымов қазір – Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитеті бокстан олимпиадалық даралау орталығының директоры қызметінде. Күні бойы жұмыста болатындықтан балалары әкесінің үйге келетін сәтін асыға күтеді екен. “Жұмысы көп болса да, әкем бізді жиі қыдыртады, қалаған нәрсемізді алып береді”, – дейді олар.

Қызмет пен демалыс туралы

Қызметте жүргендіктен күні бойы балаларымның жанында бола алмаймын. Қолым қалт етсе, отбасыммен серуендеуге, көңіл бөлуге тырысамын. Аптаның соңында міндетті түрде саябаққа немесе ойын-сауық орталығына барамыз.

Ермахан Ибраимов
Ермахан Ыбырайымов отбасымен. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Демалу дегенді адамдар әртүрлі түсінеді. Біз отбасымызбен белсенді демалысқа шыққанды жақсы көреміз. Жаз – демалыс үшін ең қолайлы мезгіл. Суға шомылуға, далада түрлі ойын ұйымдастыруға болады. Балаларым да, әйелім де спортқа жақын. Балаларды физикалық белсенді болуға тәрбиелеу керек.

Біздің балалық шағымыз ауылда өтті. Демалыстың қандай болатынын білмедік. Қазір рақат. Қапшағай, Ыстықкөл, Алакөл, түрлі демалыс орны қолжетімді. Отбасылық демалысты қызықты әрі пайдалы етіп өткізу үшін барлық жағдай жасалған.

Нарық заманында отбасын құру, өмірге бала әкелу, отбасын асырау материалдық жағдайға тікелей байланысты. Спортшының жан-жары Айжан “Махаббат болған жерде бәрі де болады” деген ұстанымда. Ол ерлі-зайыптының міндеттері туралы айтып, жас жұбайларға ақыл-кеңес беріп өтті.

Махаббат пен қаражат туралы

Отбасы берік болуы үшін алдымен махаббат болуы керек. Екі адам бір-бірін сүйіп қосылса, олар балаларына да сондай сүйіспеншілікпен қарайды. Ата-анасының махаббатын, бір-біріне деген құрметін көріп өскен бала жан-жағындағы адамдарға да махаббатпен, құрметпен қарайды. Үйде ата-ана балаларының көзінше бір-біріне дауыс көтермеуі керек. Отбасы болған соң “мен” деген түсініктен арылу керек. “Біз” деп өмір сүретін отбасының ғұмыры ұзақ болады.

Ермахан Ибраимов
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Отбасында әркімнің өзіндік міндеттері болады. Осыны ескеріп, дұрыс орындаған жағдайда бақытты, берік отбасы болады. Мысалы, ер адам отбасының асыраушысы болса, үйдегі әйел – оны іске асырушы. Екеуі бір-біріне селбесіп ғұмыр кешеді. Олардың міндеттерін жеке-жеке алып қарастыруға да болмайды. Себебі бір-біріне тікелей байланысты. Әйелдің міндеті қонақ күту болса, қонақ күтуге дайындалу үшін оған ер-азамат көмектесуі керек. Қазір бала-шағаны асырау үшін деп ер де, әйел де күндіз-түні жұмыс істейді. Балаға дұрыс көңіл бөле алмайды. Бала сабақтан немесе үйірмеден келген сайын “қалай болды?” деп сұрау, оның интернетте не көріп жүргенін, кімдермен достасып жүргенін қадағалау – ата-ананың ортақ міндеті.

Ермахан Ибраимов
Ермахан Ыбырайымов отбасымен.Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әйел адам үшін үйінің таза болуы, үйдегілердің қарны тоқ болуы маңызды. Ол үшін ер азамат табыс тауып, отбасы мүшелеріне жағдай жасауы керек.

Қазір көп жас отбасын құрудан, көпбалалы болудан қорқады. Оған себеп – әлеуметтік жағдай. Қазір табыс табу үшін адамның бойында екі-ақ қасиет болуы керек: біріншісі – білім, екіншісі – еңбекқорлық. Бұған махаббатты қоссақ, бақытты, берік отбасы шығады.

Ермахан Ибраимов
Айсұлтан. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әкем айтады…

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!