VIII Азаматтық қалалық форум аясында әлеуметтік жобалар байқауына қатысушылар марапатталды. Байқауда 10 үкіметтік емес ұйым жеңімпаз деп танылды.
Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеңімпаздардың арасында «Қазақстан әйелдері» қауымдастығы, Ағабек Қарабеков атындағы қоғамдық қор, Сo-Make қоғамдық қоры, «Сауықтыру технологиялары және тұжырымдамалары» қоғамдық қоры, «Семей-ЯП» қоғамдық қоры, «Ардагер» қоғамдық бірлестігі, Мүгедектер жастар бірлестігі және басқалар бар.
«Қазақстан әйелдері» қауымдастығы «Өмірді сақта» жобасы шеңберінде педагогтардың, ата-аналардың жасөспірімдердің аутодеструктив және суицидал мінез-құлқының дамуы жөнінде ақпараттану деңгейін арттыруды көздеп отыр. «Ардагер» бірлестігі «Скандинав жүрісі — кеселдер мен семіздікке қарсы жаңа ем» жобасы шеңберінде қарт адамдардың өмір сапасын арттыруды қолға алмақ.
«Сауықтыру технологиялары және тұжырымдамалары» қоғамдық бірлестігінің директоры Орынбасар Құлжабаева қордың мәліметтер базасында 8 мың адамның тіркелгенін, оның 3 мыңы жұмысқа орналасқанын айтты.
Соңғы екі жылда кәсіпкерлік қызметті кеңейту және жұмыс орындарын құру бағыты бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бізде бас бостандығынан айыру орындарынан шыққандар арасынан 95 адам өз кәсібін ашты. Биыл тағы 35 адам кәсіп бастады. Біз түзеу мекемелерінде жаза өтеп шыққан адамдарды әлеуметтік жағынан бейімдеумен айналысамыз. Сотталғандар түрмелерден өмірге дайын емес болып шығады, оларға жұмысқа орналасу өте қиын. Көбінің баспанасы жоқ. Біз қазір оларға жұмыс тауып беру, олар үшін жұмыс орындарын көбейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Ең алдымен оларға құжаттарын қалпына келтіру жөнінде көмектесеміз, №39 мектепке кешкі білім алуға жібереміз. Жылдың басынан бері бізге 800 адам хабарласты, — дейді Орынбасар Құлжабаева.
«ДОС» Тәуелсіз өмір орталығы» ҚҚ атқарушы директоры Қарлығаш Тынабекова қоғам мүшелерін мүгедектермен қарым-қатынасқа үйретудің маңызы туралы айтты.
Біздің бірлестік адамдардың мүгедектерді қоғамның толық мүшесі ретінде қабылдағанын қалайды. Бізде жақсы жоба бар — мүгедектікті түсіну сабақтары. Оны барлық мектепке қосымша сабақ ретінде енгізуді ұсынамыз, адамдар мүгедектігі бар азаматтарды көріп, олармен қалай сөйлесу керек екенін, қалай қарым-қатынас жасау керек екенін білуі керек. Біз бұл пәнді 1-11-сыныптарға ортақ бірыңғай дәріс ретінде қарастырамыз, — деді Қарлығаш Тынабекова.