Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 343 арба үлестіріледі

Астанада «Мүгедектігі бар азаматтардың өмір салтын жақсарту және мүгедектер арбасын жинау» деп аталатын тақырыпта тренинг өтті. Оны WAQYP корпоративтік қайырымдылық қорының қолдауымен «ДОС» Тәуелсіз өмір орталығы» ҚҚ LDS Charities халықаралық қайырымдылық ұйымымен бірлесіп ұйымдастырды.

Тренингке Астана, Орал, Қызылорда, Қарағанды және Павлодардан мүгедектік ұйымдарының белсенділері қатысты.

LDS Charities  халықаралық қайырымдылық ұйымының мамандары 3 күн бойы мүгедек арбасына мұқтаж адамның өлшемдерін алатын клиницистер мен арбаларды жинайтын, жөндейтін техниктерді дайындап жатыр. «Бұл тренигте не үшін клинцистерді оқытып жатыр?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Оқу аяқталғаннан кейін бізге келетін мүгедектерге қандай арба керектігін дұрыс өлшеп алатын осы клиницистер болады. Мәселен, арбаны мемлекет тарапынан немесе қайырымдылық негізде берген кезде оны алатын адамның өлшемдеріне мән берместен үлестіре салады. Ол дұрыс емес. Себебі кейбір 10 жастағы бала арық болады, ал кейбіреуі денелі болады. Сол уақытта арба оның өлшемдеріне сәйкес келмей, еркін қозғалуын қиындатады. Арбаның қолайсыз болуы адамның қауіпсіздігіне де кедергі. Сондықтан адамның өлшемдерін алу маңызды. Арба әуелі өлшемі бойынша дұрыс келуі керек. Ал арнайы дайындықтан өткен техниктер клинцистердің берген өлшемдері бойынша арбаларды жинап береді, — дейді WAQYP корпоративтік қайырымдылық қорының өкілі Мәдина Байматова.

LDS Charities  халықаралық қайырымдылық ұйымы қазақстандықтарға 343 арбаны тегін беріп отыр.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, әр арбаның құны 500 доллар тұрады және бұл арбалар 3 түрлі: біріншісі — стандарт. Екіншісі — жүруге ыңғайсыз жолдарға арналған арба. Ал үшіншісі — белсенді адамдарға арналған қоларба.

Мүгедектер арбасы
Фото: Айнұр Марат

Біз LDS Charities  халықаралық қайырымдылық ұйымының өкілдері әлем бойынша мүгедек арбасына мұқтаж жандарды арбамен қамтамасыз етіп, ақысыз түрде тренингтер жүргізеді. Мәселен, бұл жолы қазақстандықтар үшін 350-ге жуық арба ұсынып, 12 клинцист пен 6 техникті оқытып жатырмыз. Клинцистерді оқытудағы басты мақсатымыз — әрбір адамның өзінің өлшемдеріне сай арбасы болуын қамтамасыз ету. Бұл Қазақстандағы алғашқы теренингіміз, алдағы уақытта Астанадан кейін тағы бірнеше қалада осындай сабақтар өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз — арбаға мұқтаж елдерге көмек көрсету. Осы жолы 3 түрлі арбаны сыйға тарттық. Бұл арбалар мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұрғылықты жеріне орай үлестіріледі. Сондықтан бұл Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қозғалысын жеңілдетеді деп сенеміз, — деді тренингті өткізуші физиотеропевт Ричард Джонсон.

Қарлығаш Тынабекова
Қарлығаш Тынабекова. Фото: Айнұр Марат

LDS Charities халықаралық қайырымдылық ұйымымен жұмыс істеп жатқанымызға 2 жылдай болып қалды. Олар бізге қайырымдылық негізде 350-ге жуық арба беріп, соны мұқтаж жандарға таратып беру туралы ұсыныстарын білдірген болатын. Онымен қоса, 12 клинцист пен 6 техникті халықаралық стандарттарға сәйкес оқытып, мұқтаж жанға арбаны қалай таңдау керектігін де үйретіп жатыр. Енді осы арбаларды әр адамның мұқтаждығына, өмір сүру салты мен белсенділігіне қарай теңдей бөліп беру біздің ұйымға жүктелген үлкен аманат болып отыр. Бізге қолдау көрсеткен WAQYP қоры. Оқытылып жатқан клинцистердің қатарында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Астана бойынша департаменті, Астананың жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы, медициналық әлеуметтік сараптама орталығының мамандары да бар. Бұл курс Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес өтіп жатыр, аяқталған соң қатысушыларға ДДС ұйымының сертификаты беріледі. Бұл бізге үлкен мүмкіндік болып отыр, — деді «ДОС» Тәуелсіз өмір орталығы» ҚҚ атқарушы директоры Қарлығаш Тынабекова.

Оның айтуынша, бұл арбалар ең әуелі Қазақстан облыстары бойынша арбасы мүлдем жоқ, мұқтаж жандарға, одан кейін арбасы жарамсыз, тіпті жөндеуге келмейтін адамдарға, үшінші кезекте арбасы өзінің өлшемдері бойынша келмейтін адамдарға үлестіріледі.

Уильям Эйблс
Фото: Айнұр Марат

Біз 3 күн бойы мүмкіндігі шектеулі азамттарға арналған арбаларды құрастырып жатырмыз. Техник мамандарға арбаларды тек құрастырып қоймай, дұрыс өлшемдерін алып, бөлшектерін дұрыс орналастыруды да үйреттік. Біз бұл мүгедектер арбасының барлығын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатымен Америкадан алып келдік. Мақсатымыз — әлем бойынша адамдардың мобильділікке қол жеткізуіне, кедергісіз қоғамда өмір сүруіне жағдай жасау , — деді LDS Charities  халықаралық қайырымдылық ұйымының өкілі Уильям Эйблс.

Мүгедектер арбасы
Фото: Айнұр Марат
Мүгедектер арбасы
Фото: Айнұр Марат
Мүгедектер арбасы
Фото: Айнұр Марат

Мен Қызылордадан келіп отырмын. Біз кәсіпкерлер палатасы мен Zhas Project бағдарламасынан грант ұтып алып, Қызылордадан «ИнваСТО» деген мүгедектер арбасын жөндейтін мекеме аштық. Елімізде мүгедектерге арналған арбаларға қызмет көрсететін орталықтар негізінен Астана, Алматы және Ақтөбеде ғана бар. Біз төртінші болып ашып жатырмыз. Бұл тренингке шетелдік мамандардың тәжірибесін үйрену үшін келдім, — деді ІІІ топтағы мүгедек Нұрсұлтан Тәжиев.

Оқу курсы толық аяқталғаннан кейін WAQYP қоры арбаларды «ДОС» Тәуелсіз өмір орталығы» ҚҚ ұсынған тізім бойынша Қазақстанның барлық облысына жеткізіп береді.

Қазақстан аумағында түрлі әлеуметтік жобаны қолдаумен айналысатын WAQYP корпоративтік қайырымдылық қоры 2017 жылдың шілде айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған.

Қордың мақсаты:

Жеке және заңды тұлғалар бөлген қаржыны біріктіріп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жолдау;

Дәстүрлі рухани және діни құндылықтарды дамыту, бейбітшілікті нығайту, қоғамда достық пен келісімді сақтау;

Рухани білім беру ұйымының, діни, тарихи, мәдени маңызы бар ғимараттар мен нысандардың қызметін қамтамасыз ету, діни мекеме қызметкерлерін және рухани ұйымдардың қызметкерлерін қолдау;

Халықтың діни сауатын арттыру, діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу, психологиялық және құқықтық көмек көрсету және теріс пиғылды ағымдардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік тұрғыда бейімдеу.

                                                                                                           Айнұр Марат