Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстік. Жоқ, мен жерге бөлінейін деп отырған жоқпын. Жай ғана, өзім өмір сүріп, суын ішіп, ауасын жұтып жүрген өңір жайлы, ондағы атқарылып жатқан игі істер жайлы айтқым келіп отыр. «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын?» дейді. Соңғы уақытта айналасындағы жағымпаздар мен өтірік көлгірситіндердің кесірінен Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жайлы онша ұнамды емес пікірлер айтылып жатыр. Ал шындығына келгенде, Елбасының ұстанып отырған саясаты мен бағыты дұрыс емес деп ешкім айта алмайды. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде Қазақстан қаншама жетістіктерге жетті, қаншама сыннан өтті. Экономика, әлеуметтік жағдай жағынанда артта қалған жері жоқ. Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын, денсаулығын, білімін көтеру мақсатында қаншама қаржы бөлініп, бағдарламалар іске асырылып жатыр. Обалы не керек, мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп-ақ жатыр. Осы жерде біреулеріңіз қарсы шығуларыңыз мүмкін. Бір ғана мысал айтайын. Өзбекстанның медицинасы көш ілгерілеп кеткенін алдында айтқан болатынмын. Оның себебі – дәрігерлері сауатты. Біздің Қазақстанда соңғы үлгідегі медицина құралдары әкелінгенімен, онымен сауатты жұмыс жасай алатын мамандар табылмай жатады. Мұны бір деңіз. Өзбекстанда білім беру гранттарының саны тіптен аз. Халық миллиондап ақша төлеп, білім алады. Ал бізде жыл сайын қанша мыңдап білім гранттары бөлініп жатыр. Басыңда бірдеңе болса тегін оқы, мархабат! Мемлекет сенен ақша сұрамайды. Ал сол білімді сапалы етіп, үздік маман болып шығу сенің қолыңдағы нәрсе. Демек, мемлекет саған мүмкіндік жасады. Сапалы маман боласың деп сенім артты. Ал сен дым оқымай, амалдап диплом алдың да шықтың. Солайша сенің білімсіздігіңнің кесірінен қоғам зиян шегіп, мемлекет мүддесіне нұқсан келді. Екі деңіз. Бұл бір ғана мысал.
Күні кеше ғана Абай саябағында орналасқан «Көркемсурет галереясында» өткен «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының өңірімізде қарқынды іске асырылып жатқанының көрінісі. Осындай қиын, дағдарыс уақытында өзге елдерде жұмыссыздық белең алып, жұмыс орындары қысқарып жатқан кезде, бізде керісінше жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық көрсеткіші қысқарып жатыр. Жайшылықта «Жұмыс жоқ», «Құрып жатырмыз» деп жылайтын кей адамдардың осындай істерді көрмей қалатыны жаман-ақ. Ал жаңа жұмыс орындарының ашылуы нарық заманында кәсіпкерлікке тікелей байланысты болып отыр. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы өзге облыстарды қайдам, бізде өте қарқынды. Осы күнге дейін жұмыс бабымен қаншама кәсіпкерлермен сөйлесіп, сұхбаттастым. Олардың бәрі де бір-ақ нәрсе айтты «Мемлекет айлық, зейнетақы, жәрдемақы береді екен» деп қол қусырып қарап отыра бермей, қолыңан келген кәсіпті баста. Егер өзіңді дәлелдеп, ісің қажетті деп тапса мемлекет саған көмектеседі» дейді. Жаны бар сөз. Сол кәсіпкерлердің бірі жүннен шұлық тоқыса, бірі ағаштан сандық жасайды, бірі шөптен косметика шығарады. Қарап отырсаңыз костюм-шалбар киіп алып, кабинетте шіреніп, креслода айналып, компания директорымын деп отырған бірі жоқ. Бәрі де жыбырлап, бірдеңе жасап жүр. Жақында ғана облыс әкімі Б.Атамқұлов облыс кәсіпкерлерімен кездесуде біршама істің басын ашып берді. Кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін факторлардан, қағазбастылықтан құтылу жайлы жақсы айтты. Әрине, бір ғана әкімнің шамасы жетпейтіні анық. Кез келген қоғамдық іске бірігіп, жүкті жұмыла көтеруіміз керек. Сананы өзгерту қажет. «Мемлекет асырауға міндетті» деген жаттанды пікірден арылуымыз керек. Қазіргі нарық заманы «Алма піс, аузыма түс» дегенді көтермейді. Әркім өзі үшін жұмыс жасайды. Оңтүстікте кәсіпкерлік саласында мол мүмкіндіктер қарастырылған. Кәсіпкерлер палатасы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, Кәсіпкерлік мектебі қашанда адамға толы. Бірі кәсіпкерлік негіздері жайлы дәріс алып кәсіпкерлікке үйреніп жатса, бірі одан әрі даму, бірі мемлекеттен көмек алу мақсатында жүреді. Қай-қайсы қызмет те тегін. Тек ниетіңіз бен идеяңыз болса болғаны.
Облысқа басшылық келген кез келген басшы алдымен облыс халқының тыныс-тіршілігімен, ерекшелігімен, мүмкіндігімен танысып алатыны даусыз. Әкім креслосына отырғанына әлі көп бола қоймаса да Бейбіт Атамқұлов жайлы пікірлер жаман емес. Жасыратыны жоқ, алғашында «қазақ тілін жетік білмейді», «біздің облыстың менталитетінен жұрдай» деп сын айтқан адамдар кездесті. Десек те, облыс әкімі біраз уақыт бойы өңірдің тіршілігімен танысқан секілді. Аудандарға іссапарға шығып, ондағы атқарылып жатқан істермен танысты, бәрін өз көзімен көріп келе жатыр. Б.Атмқұлов жастарға көп көңіл бөле бастады. Сонымен қатар, Елбасының экономикамызды көтеру мақсатында инвесторлар тарту жайлы сөзін негізге ала отырып, шетелдік инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнатып, сол арқылы экономикамызды көтеруді қолға алды. Облыс әкімінің отандық өнімдерді қолдау мақсатында «Алтын адам» фирмасының костюм-шалбарын алып кигені қоғамда үлкен пікір тудырды. Одан бөлек халықпен бірге сенбілікке шығып, жастарға үлгі болып жүргені бөлек әңгіме.
Денсаулық саласы даназардан тыс қалып жатқан жоқ. Осы сала бойынша Call-орталық жұмыс жасап тұр. Сонымен бірге жақында ғана облыс әкімі Б.Атамқұлов Франция елінен келген профессор Генри Бисмут пен Монғолиядан келген профессор Чинбурэн Джигжидсурэнді қабылдады. Екі елдің білікті дәрігерлерімен кездескен облыс басшысы онкологиялық аурулардың алдын алу тақырыбында ой бөлісіп, өңірдегі қатерлі ісікдертіне шалдыққан науқастардың жағдайын жақсарту мәселелері бойынша әңгімелесті. Енді біздің дәрігерлер шетелдік мықты ғалымдардан дәріс алатын болады.
Қашанда бірінші орында тұратын әлеуметтік мәселелер де оңды шешіліп келеді. Оның айғағы ретінде Call-орталық ашылғаны жайлы айтуға болады. Орталық жемісті еңбек етсе коммуналдық сала бойынша туындаған сұрақтар орталық арқылы өз шешімін табады.
Оңтүстікте бала санының жыл сайын өсіп отыруына байланысты, демографияның көтеріліп келе жатқанына байланысты балабақшалар мен орта білім беретін мектептерге деген қажеттіліктің өсіп отырғаны белгілі. Елбасының «Балапан» бағдарламасының шеңберінде облысымыздағы әрбір аудан,қала, ауылдарда мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен балабақшалар бой көтеруде. Осы күнге дейін мектепке дейінгі ұйымдар саны 1444-ке, қамтылған бала саны — 154324 балаға жетіп, қамту көрсеткіші бүгін 76,9% құрап отыр. Облыс бойынша 637 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың 604-де 58686 бала мемлекеттік білім беру тапсырысымен тәрбиеленуде. Жылдың соңына дейін 12000 орынға 95 мектепке дейінгі ұйымдар (48 жекеменшік) ашылады деп жоспарланып отыр. Жалпы қамту көрсеткіші 80 пайызға жететін болады (мәлімет http://bilim-uko.gov.kz/info/reports алынды). Ал мектеп жайлы айтсақ, 2015 жылы 23,6 млрд теңгеге 101 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Облыста соңғы жылдары жүргізілген құрылыс есебінен саманнан салынған мектептер саны 327-ден 153-ке азайған /174-ң мәселесі шешілді/. (http://bilim-uko.gov.kz/info/reports).
Оңтүстік халқының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен күн көріп отыр. Әр аудан өзінің мүмкіндігіне, ауа-райының жайлылығына, топырағының құнарлылығына қарай белгілі бір өнім өндірумен айналысып келеді. Қазақстандағы ең үлкен жылыжай да біздің облысымызда орналасқанын атап кетпесек болмас. «Агробизнес-2020», «Сыбаға» секілді бағдарламалар да өз жемісін беруде. Қаншама мал бордақылау алаңдары, сүт өнімдерін шығаратын өнеркәсіптің бәрі де ауыл шаруашылығына байланысты.
Жалпы, қай саланы, қай бағдарламаны алсақ та оңтүстікте барынша орындалып жатыр. Қаншама қаржы бөлініп, бағытталып жатыр. Жасыратыны жоқ, кей кездерде бөлінген қаржы тиісті жерлерге жетпей қалып жатады. Сондықтан да жемқорлықтың жолын кесу мақсатында Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 — 2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаны бекітілді.
Оңтүстік қасиетті мекен. Сырттай «Шымкент анандай», «Оңтүстік мынандай» деп теріс пікір айтып жүргендер өмірінде бір рет болсада Шымкентке, Оңтүстік Қазақстанға келіп көрмеген азаматтар дер едім. Себебі, бірлігі мен берекесі, ынтымағы, қонақжайлығы, бауырмалдығы жарасқан, адамдары мейірімді, ауылдарынан қазақылықтың иісі есіп тұратын, қариясы батагөй, жастары елгезек өңір кімді де болса баурап алады. Өзі шығыста туса да Оңтүстікте қызмет еткен аз ғана жылдың ішінде осында кіндігімен байланып, бүгінде Астанада қызмет етіп жүрсе де, Шымкентті сағынышпен еске алып жүрген Берік Уәли ағам сөзімді растайды.
«Ойбай, орыс мінезді екен, қазақы менталитетті түсінбейді» екен деген жаңа әкіміміз Бейбіт Бәкірұлының өзі Оңтүстіктің ықпалы болса керек, күмбірлетіп күй тартып, өзінің қазақы қалпын жоғалтпағанын дәлелдеді. Оны да сынаған адамдар табылды. Сол сынағандардың басымбөлігі өздері қолына домбыра ұстай алмайтынына бәс тігемін. Өзім домбыра тарта алмғандықтан әкімнің бұл ісіне қызыға, сүйсіне қарадым. Домбыра арқылы әкім өзінің халықпен бірге екендігін, салт-дәстүрді насихаттау арқылы елден жырақ кетпейтінін аңғартқандай. Айтпақшы, әкім облысқа келгеннен-ақ әлеуметтік желілерде әкімдіктің парақшаларын ашқызып, халыққа жақындай түсуге тырысты. Бір ғана облыстық әкімдік емес, Шымкент қаласының әкімдігі де, облыстық басқармалар да бірінен кейін бірі өздерінің WhatsApp байланыс жүйесін іске қосып жатыр.
Оңтүстік халқының ғана емес, басшыларының да тату, ұйымшыл екенін Тараз қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығы тойында көрдік. Исі қазаққа ортақ дүбірлі тойда тойды өткізіп жатқан Тараз қаласының басшылығына, халқына қолдау көрсетіп, тойдың жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан тағы да «біздікілер». Кімнің де болса жұмыс жасауына мотивация керектігін түсінген облыс әкімі сол тойды өздәрежесінде өткізуге атсалысқан барлық аудан әкімдіктеріне, журналистерге Алғыс хат табыстады. Бұл да болса үлкен назар, ерекше ықылас деп білеміз.
Мен жазып болдым. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, Болмас елдің баласы бірін-бірі қатын дейді» демекші, жақсылығымызды асырып, кемшілігімізді орынды жеткізе білгенге не жетсін! «Бояушы бояйды дегенге сақалын бояптының» кері болмай, сынымыз шын болсын ағайын!