2018 жылдың үш тоқсанында Қазақстанда интернет-провайдерлер қызметінің көлемі 180,5 миллиард теңгеге жетті, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда, 6,7%-ға жоғары. Бұл мәліметті Finprom.kz аналитиктері жария етті.
Интернетке қосу бойынша көрсетілген қызмет көлемінің айтарлықтай өскеніне қарамастан интернет-байланыс абоненттерінің саны қыркүйектің соңына қарай былтырмен салыстырғанда 1,6%-ға азайды — былтыр 2,5 миллион болса, биыл — 2,45 миллион.
Соңғы бес жылда осындай уақыт аралығында көрсетілген қызмет көлемі екі есе немесе 80,3 миллиард теңгеге көбейген. Белсенді интернет қолданушыларының қатары 654,6 мыңға жеткен.
Республика бойынша тиянақталған интернетке жоғарыжылдамдықты қосылу абоненттерінің ең көп шоғыры Астанада тіркелген — 675,3 мың. Былтыр 192,5 мың абонент болған.
Екінші орында — Алматы, 354,5 мың абонент. Үшінші орында — Алматы облысы, мұнда интернет абоненттерінің саны 173,1 мың.
Интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан әлемдік рейтингтің 57-орнында. Орташа жылдамдық — секундына 28,9 Мегабит. Рейтингтің алғашқы ондығына Сингапур, Исландия, Гонконг, Румыния, Венгрия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Швейцария, Испания, Швеция кіреді. Сингапурде интернеттің орташа жылдамдығы — секундына 184 Мегабит. Қазақстан Еуразия экономикалық одағы елдері арасында бұл жағынан үшінші орында тұр.