Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) полигонда көмуге тыйым салынған еді. Себебі пластик, шыны, целлофан сияқты заттар жүздеген жыл бойы шірімей сақталады. Бұл тек Қазақстанда емес, әлем бойынша үлкен проблемаға айналды.
Елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Алматыда бұл жоспарды іске асыратын арнайы консорциум да құрылған. Консорциум мүшелері — «Тәртіп» АҚ, Green Recycle ЖШС және қалалық полигон. Биыл 3 қырқүйекте мемлекет пен жеке инвесторлар консорциумының серіктестігімен қоқыс сұрыптайтын зауыт іске қосылды.
Енді полигонда тек инертті қауіпсіз және биоірігіш материалдар көміледі. Жаңа кешен Еуропа елдерінің озық технологияларымен жабдықталған. Алматы әкімі Бауыржан Байбек зауытқа «цифрландырудың үлгісі әрі 2017 жылғы ЕХРО-ның негізгі мұраларының бірі» деп баға берген.
Зауыт қалай жұмыс істейді?
Қоқыс сұрыптау зауыты Алматының Алатау ауданында орналасқан. Өндіріс орны жылына 550 мың тонна қоқысты сұрыптай алады. Ал Алматыдан жылына 450-460 мың тонна қоқыс шығарылады.
Зауытқа жақындай бергенде оның қоқыс сұрыптайтыны бірден байқалмайды. Біз ойлағандай жағымсыз иіс те, жан-жағында шашылған қоқыс та жоқ. Оны құстар да, жел де көтеріп әкетпейді. Оның себебі — сұрыпталатын қоқыс тек іште сақталады.
Зауыт үш үлкен бөліктен тұрады. Біріншісі — қабылдау бөлімі. Мұнда қоқыс жиналады, екіншісі — сұрыптау бөлімі, онда сұрыпталған қоқыс престеледі. Ал үшіншісі — қойма, бұл бөлімде престелген қоқыс жиналады.
Сұрыптауға жарамайтын қоқыс бөлек шығарылады. Олар — азық-түлік, құрылыс материалдары, ағаш бұтақтары мен жапырақтар, техника мен тағы басқа көлемді заттар.
Зауыт конвейерлік жүйемен жұмыс істейді. Қабылдау бөлімінде жоғарыға шығаратын қозғалмалы төрт жол бар. Ол жолдарға қоқыс реттеліп қойылады. Жұмысшылар жоғарыға көтерілген қоқысты сұрыптауды бастайды.
Әр жұмысшының қоқыс арасынан сұрыптайтын материалы бар. Мысалы, бір жұмысшы тек қағаз сұрыптайды, екіншісі пластиктерді, үшіншісі тағы бір материалды бөлек жинайды. Бөлек-бөлек жиналған мұндай тұрмыстық қатты қалдықтар «Қазақстан қағазы», «Саф» сияқты қоқысты қайта өңдейтін кәсіпорындарға жеткізіледі.
Қоймада өңдеуді күтіп тұрған қоқыстың көптігі сонша, алыстан қарағанда жинаулы тұрған үлкен кірпіштерге ұқсайды.
Ал сұрыптауға жарамаған қалдықтар айналып тұрған барабаннан өтеді. Бұл аппарат оны престеуге дайындайды. Престелген тұрмыс қалдықтары полигонға көміледі.
Қоқысты сұрыптау проблемалары
Сұрыптаудың проблемалары қабылдау бөлімінен басталады. Өкінішке қарай, халық құрылыс материалдарын, азық-түлікті тұрмыстық қатты қалдықпен бірге тастайды. Соның салдарынан машиналар сынады. Себебі олар тұрмыстық қатты қалдықтарды ғана престеуге арналған. Қала тұрғындарының пәтерінен келген кафель сынықтарынан немесе органикалық заттардан зауыттың құрылғылары бұзылады.
Алматымен салыстырғанда Қарағандының қоқыс контейнерлерінде тамақ қалдықтары жоқ. Ал бізде бұл қалдықтар — қоқыстың 35%-ы. Осыдан қарағандылықтардың азық-түлікті қажет мөлшерде ғана сатып алатыны байқалады. Мысалы, алматылықтар қарбыз алса, жартысын қоқысқа тастайды. Зауыттағы гидравлика оны престегенде қарбыз езіліп, қалдықты сұрыптауға кедергі келтіреді. Органикалық қалдықтардың бір күнде тез иістенетіні де бар, — дейді «Тәртіп» АҚ басшысы Айбек Рахимов.
Сұрыптауға кедергі келтіретін тағы бір нәрсе — ағаш бұтақтары мен жапырақтар. Мұндай қоқысты пәтер иелері кооперативтері (ПИК) көшеден жинаған соң тұрғын үй контейнерлеріне әкеліп тастайды. Ал оларды қоқыс жинайтын машина контейнерлерді төңкеріп қоқысты әкетеді. Жанында қалған осындай жапырақты үйінділер қалып қояды. Сондықтан контейнерлер қанша босатылса да, жанындағы бір төбе жапырақтан қалдықтар шашылып тұрғандай көрінеді. Ал оны кәдімгі қоқыс шығаратын машина жинай алмайды. Оны жинау үшін жай жүретін тракторлар жіберіледі. Бұл — үлкен проблема.
Тракторлар жай жүргенімен қоса, кептелісте тұрады. Бұл да біздің қоқыс шығару графигін сақтауға қиындық тудырады. Негізі, көшеде жиналған қоқысты тасу біздің жұмыс емес. Көшені жинаған ұйым қоқыс шығару қызметін арнайы жалдауы керек. Бұтақтар мен жапырақтар — таза қарашірік қой. Сұрыптау кешенінде олар тек жұмысқа кедергі келтіреді, — дейді Айбек Рахимов.
Тұрмыс қалдығын түріне қарай ажыратып шығару мәдениетін дамыту қажет
«Тәртіп» АҚ — Алматыдан қоқыс шығаратын компания. Ол Алматының Әуезов, Алмалы, Бостандық аудандарына 100%-ға қызмет көрсетеді. Ал басқа аудандарды қамту үлесі — 10-40%.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша «Тәртіп» кәсіпорны техниканы өзі жаңартуға міндетті. Компания 32 жаңа машинадан тұратын бірінші партияны алды. Келесі жылы тағы да кем дегенде 20 машина алғалы отыр.
Әрине, халық арасына Тұрмыстық қатты қалдықты пластик, шыны, мата, темір деп бөлек тастау мәдениетін енгізу үшін ең алдымен дамыған инфраструктура болуы маңызды. Бөлек контейнерлер, бөлек машиналар арнап, жұмысшылар санын көбейту керек. Алайда ол кезде тарифтің де бағасы артады. Біздің ел бірден ол жүйеге көшуге дайын емес. Сондықтан батыс мемлекеттерінен үлгі алып, жұмысты қоқыс сұрыптаудан бастадық. Келесі этап органикалық және тұрмыстық қатты қалдықтарды бөліп тастау мәдениетін қалыптастыру болмақ. Ол үшін Таза машиналардың автопаркін бөлек жасаймыз. Алайда қоқысты бөлек тастасақ, зауыттың қажеті жоқ деген сөз емес. Себебі оны әрі қарай материалына байланысты сұрыптау қажет. Органика мен тұрмыстық қатты қалдықты бөлу сұрыптауды жеңілдету үшін жасалады,- дейді Айбек Рахимов.
Қала тұрғындарының тұрмысынан бөлінетін қалдық күн сайын көбейіп барады. Бүгінде «Тәртіп» машиналары күніне 300 рейс жасайды екен. Осыдан-ақ қалдықтарды сұрыптау зауыты жұмысының маңызын түсінуге болады.
Қазір зауытта 530 адам жұмыс істейді. Зауыт айналасында екінші шикізатты өңдейтін учаскелер ашу жоспарланған. Қоқыс сұрыптау кешені орасан зор жұмыс атқаруға кірісті. Өйткені қалада тұрмыстық қатты қалдықтар барлық коммуналдық қоқыстың 95%-ына тең.
Қоқысты жинау, сұрыптау технологиялары
Экономиканың барлық саласын цифрландыру, өнеркәсіп кәсіпорындарын автоматтандыру — «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты. Қоқыс сұрыпайтын жоғары технологиялы кешенде Төртінші өнеркәсіптік революция элементтері енгізілген.
Зауыт еуропалық стандарттағы MACPRESSE технологиясымен жұмыс істейді. Оған жеке капиталдан 5,4 миллиард теңге жұмсалды. Қоқыс таситын машиналар зауытқа кірерде арнайы радиациялық бақылаудан өтеді. Алайда зауыт ашылғалы бері бір ай ішінде ондай қауіп болған жоқ, — дейді Green Recycle компаниясының директоры Дмитрий Данильченко.
«Тәртіп» АҚ қоқыс тасу жүйесін автоматтандырған. Қоқыс шығаратын машиналар GPS арқылы қатаң бақыланады.
Картада машиналар алты түсті. Себебі қалада біздің алты аудандық автопаркіміз бар. Қатаң бақылау жүргізуіміздің бірінші себебі — қауіпсіздік. Жүк машиналары балалар ойнап жүретін аулаларға кіретіндіктен бақылауды қажет етеді. Осы арқылы біз бірнеше жылдан бері оқыс жағдайлар мен өлім-жітімді азайттық. Екінші себеп — жүргізушінің қоқыс сұрыптау зауытына жетпей қоқысты белгісіз жерде тастап кетпеуі қадағаланады. Белгіленбеген жерде тоқтап, одан кейін полигонға бармаса, бірден жүргізушіге хабарласамыз. Үшіншіден, аудандарға уақытылы қызмет көрсетілуін бақылау үшін қолданамыз, — дейді «Тәртіп» АҚ директоры Айбек Рахимов.
Осы себепті де автоматтандырылған диспетчерлік қызмет ұйымдастырылған. Диспетчерде қоқыс жинау графигі, қызмет көрсету орталықтары мен онда бару уақыты маршрутқа енгізілген. Бұл жүйе күні бойы жүргізушілерді дамылсыз тексеріп отырады. Әр жүргізушіде планшет бар, оған жүргізушінің аулаға қалай кіргені, қоқысты қалай жинағаны жазылады, қоқысты жинағанға дейінгі және кейінгі суреттері интернет арқылы базаға жіберіледі. Кенеттен интернет болмай қалса да, планшет барлық деректі жинап, оны интернет пайда болғанда жібереді. Егер міндеттелген жұмыс атқарылмаса, ол бірден белгілі болады.
Сұрыпталмаған қоқыс бірден полигонға көмілсе, жер астында шірімей жүздеген жыл бойы жататын тұрмыс қалдығы экологиялық ахуалға зиянын тигізеді. Қоқысты сұрыптау экологиялық жағынан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді. Қазақстан тәуелсіздік алғалы дамыған елдердің қатарынан көрініп үлгерді. Қоқыс сұрыптау, тұрмыс қалдығын қайта өңдеу жөнінен еліміз батыс мемлекеттерінің озық тәжірибесін алып жатыр. Швецияның тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен оны электр қуатына айналдыру жүйесінің дамығаны соншалық, қоқысқа қалдықтардың 4%-ы ғана жіберіледі. Қазақстан да қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеуді дамытып, тұрғындар арасында тұрмыс қалдықтарын қоқысқа түріне қарай ажыратып тастау мәдениетін қалыптастыруға күш салып отыр.