Интеллектуал жастар Астана тарихына арналған білім сайысына қатысты

Астанада мемлекеттік қызметшілер, журналистер мен студенттер Астана тарихы жөнінде білім жарыстырды.

Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай байқау елорданың интеллектуал ортасын қалыптастыру мақсатында осымен екінші жыл қатарынан өтіп отыр. Астананың зияткерлік клубы мен тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бұл жолғы ойынды бас қаланың 20 жылдығына арнады.

Білім сайысына 18 команда қатысты. Командалар Астана тарихы мен оның қазіргі өміріне қатысты 20 сұраққа жауап беруі тиіс болды. Ойынға мемлекеттік қызмет пен бұқаралық ақпарат құралдарының және басқа да салалардың өкілдері, блогерлер мен студенттер қатысты.

Бүгінде қала әкімдігі мен тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілді қолдану, ұлттық құндылықтарды нығайту жөнінде әлеуметтік жобаларды қолдау бойынша кең жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл шара — соның айғағы. Егер қоғам зияткерлік ойынға оң баға беріп жатса, біз ондай байқауларды тұрақты ұйымдастырамыз, — деді қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп.

Астана зияткерлік клубының мүшесі Аршат Оразовтың айтуынша, бұл ойын елорданың интеллектуал ортасын қалыптастырады және жастардың ойлау қабілетін дамытады.