Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және ел экономикасына тартылатын шетелдік инвестиция көлемін ұлғайту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр қосымша жұмыстардың орындалуын талап ететін бірқатар аспектіге назар аударды.
Бірінші. Инвесторлармен жұмыс істеу үшін әкімдердің арнайы орынбасарлары тағайындалды, әр өңірде Kazakh Invest өкілдері мен инвесторларға қызмет көрсету орталықтары бар, өңірлік инвестициялық штабтар құрылды. Облыстардың әкімдеріне барлық штабтың жұмысын үйлестіру және өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.
Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, 2005-2017 жылдар аралығында елімізге жалпы сомасы 264 доллар болатын тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Алайда инвестиция көлемі жеке қаражатты тарту жұмысын көрсетпейді. Жалпы, Шымкентте инвестиция 275%-ға өскен, ал жеке қаржы үлесі — тек 65%. Осындай жағдай Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Астанада байқалып отыр. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдердің назарын жеке инвестиция тарту көлемін арттыру қажеттігіне аударды. Осы мақсатта жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасау тапсырылды.
Сонымен бірге шетелдерде де бұл жұмыс күшейтіліп, нақты үйлестірілуі тиіс. Елшіліктердің негізгі жұмысы — инвестиция тарту. Қандай елден, қай елшіліктің көмегімен қанша инвестиция тартылғанын анықтау мақсатында барлық елшілік жұмысындағы тартылған инвестицияларға және олардың жұмысының KPI-на талдау жүргізу тапсырылды.
Екінші. Өңірлерде өткізіліп жатқан инвестициялық форумдар бойынша көптеген меморандум мен келісімге қол қойылады. Бақытжан Сағынтаев мұндай меморандумдар бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру сапасын арттырып, талдау жүргізуді тапсырды.
Үшінші. Қазақстанда жұмыс істейтін шетел инвесторлары елімізге отбасы мүшелерімен бірге келеді. Оларды тіркеу, балаларын мектепке дейінгі мекемелермен, мектептермен қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету және басқа да қызмет көрсетуге қатысты мәселелер жиі туындайды. Осыған байланысты барлық инвесторға қызмет көрсетуді бір портал арқылы орталықтандыру қажет екені айтылды.