Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру мақсатында қалада «Астананы газдандыру» бойынша мемлекеттік сараптама жүргізу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Дайындалған негіздеме «Мемсараптама» РМК республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілді. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Жоспар бойынша қорытынды нәтиже 2018 жылдың төртінші тоқсанында дайын болады. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, Астанада газ тарату желілерінің құрылысы үш кезекке бөлінген. Қазіргі уақытта газдандыру процесін жеделдету үшін негіздемемен бірге әкімдік жобаның 1-кезегінің 9 кешенін іске қосудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатыр:
Бірінші іске қосу кешені — №1 Автоматтандырылған газ тарату станциясынан бірінші және үшінші жылу-электр орталықтарына газ беру қамтамасыз етіледі (сужылытқыш қазандықтар және мазут қазандары);
Екінші іске қосу кешені — №2 Автоматтандырылған газ-отын жүйелерінен екінші жылу-электр орталығына газ жіберу, (сужылытқыш қазандар);
Үшіншіден алтыншыға дейінгі іске қосу кешендері — «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын үй алаптарына газ тарату желілері;
Жетінші іске қосу кешені — «Железнодорожный» тұрғын үй алабына дейінгі газ тарату желілері.
Сегізінші және тоғызыншы іске қосу кешендері — «Оңтүстік Шығыс» тұрғын үй алабына дейінгі газ тарату желілері.
Газдандырудың бірінші кезегі бойынша жобалық-сметалық құжаттама қорытындысын алудың болжамды мерзімі — 2019 жылдың бірінші тоқсаны.
Бірінші кезектің жобалық-сметалық құжаттамасының мемлекеттік сараптамасынан оң қорытынды алғаннан кейін әкімдік ҚР Бюджет кодексіне сәйкес ҚР Энергетика министрлігінің атына жобаны қаржыландыру үшін тиісті құжаттарды жібереді. Газ тарату желілерінің екінші және үшінші кезегін іске асыру мерзімі жергілікті, республикалық бюджеттер және жеке инвестиция тарту арқылы 2021-2023 жылдарға жоспарланып отыр, — деп хабарлады Астана әкімдігінің мамандары.
Газ тарату желісінің екінші кезегін іске асыру шеңберінде желіні «Мичурино», «Интернациональный», «Күйгенжар», «Тельман», «Пригородный», Garden Village және Family Village тұрғын үй алаптарына жеткізу жоспарланып отыр. Үшінші кезек барысында желі «Ильинка», «Шубары» және «Өндіріс» алаптарына жетеді.