Автокөлікті жалға беретін тұңғыш жоба Алматыда қалай жұмыс істеп жатыр?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстандағы көлік-логистика саласын автоматтандыру қажет екенін айтқан еді. Атап айтқанда, саланы цифрландыру шеңберінде көлік құралдарын басқару арқылы транзиттік әлеуетті арттыруды, ақпаратты жедел өңдеу, оңтайлы әрі ұтымды шешімдерді, басқарушылық ықпалдарды әзірлеу арқылы көліктегі қауіпсіздікті күшейтуді қамтамасыз ететін көлік жүйесін енгізуді талап етті.

Алматы әкімдігінің қолдауымен қалада ашылған каршеринг компаниясы Президент айтқан мәселелердің шешілуіне аз да болса септігін тигізетін қызметті іске асырды.

Соған орай Алматыда Anytime брендінің өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Оған Mikro Kapital Group халықаралық холдингінің президенті Винченцо Трани, Anytime-ның Қазақстандағы бас директоры Станислав Грошов,  Volkswagen Kazakhstan жобасының жетекшісі Александр Хирзекорн мен журналистер қатысты.

Anytime
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жиналғандар бұған дейін Қазақстанда ашылған велошерингтің сәтсіз аяқталғанын мысалға ала отырып, көпшіліктің бұл жобаның да өмірі ұзаққа баратынына күмән келтіргенін айтты.

Алайда Винченцо Трани инвесторлардың Қазақстанда осындай жобаны іске асыруға қызығушылық білдіріп, жеткілікті инвестиция құйып жатқанын, сондықтан олай деуге негіз жоқ екенін дәлелдеді.

Каршеринг қызметі Орталық Азия елдері арасынан алғаш болып Қазақстанда ашылды. Каршерингтің Қазақстанда дамуы үшін Mikro Kapital Group алдағы 4 жылға 30 миллион доллар инвестиция құйды. Содан кейін бұл қызметтің Алматыға тигізер пайдасы көп. Статистика бойынша қаланың әр төртінші тұрғыны жұмыс пен үйдің ортасында, балабақша мен мектеп, дүкен мен қонаққа барғанда өз көлігін қолданады қолданады. Алайда автомобиль иесі оны техникалық байқаудан өткізуге, сервистік қызмет түрлеріне, салық пен тұраққа, жанармай мен басқа да қызметіне шығынданады. Оның үстіне қалада көліктердің көбеюі экологияға және жол қозғалысының қиындауына әсерін тигізеді. Anytime қызметінің бір автомобилі қаладағы 8-15 жеке көліктің орнын баса алады, — дейді Mikro Kapital Group халықаралық холдингінің президенті.

Ал Anytime-ның Қазақстандағы бас директоры Станислав Грошов баяндамасында жобаны дамыту мақсатында қандай істер атқарылып, тұтынушыларға қандай жағдай жасалатынын айтты.

Anytime
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазіргі уақытта 100 автокөлік дайын, ыңғайлы тарифтер әзірленді, сонымен қатар жол-көлік оқиғасы бола қалған жағдайда 100 мың теңгедей кепілдік алынады. Ол сомадан артық талап етілмейді. Қазір біз Қазақстанда тіркелген қолданушыларымызға Ресей Федерациясындағы, Беларусь Республикасындағы Anytime-ді қолжетімді ету үшін және автокөлік санын көбейту үшін жұмыс істеліп жатыр, — дейді Станислав Грошов.

Автомобильді жалға беретін қызмет алдағы уақытта Астана мен Шымкентте де іске қосылады. Anytime-ның Қазақстандағы бас директорының айтуынша, қазір автопаркте жүз Volkswagen Polo көлігі болса, 2021 жылға дейін 1500 автокөлікке толығады.

Anytime автомобильдерді жалға беру қызметі Алматыда қыркүйектен бастап іске қосылды. Baribar.kz оның қалай жұмыс істейтінін, желіні қалай пайдалану керек екенін жазған еді. Anytime — қазақстандық нарықтағы алғашқы халықаралық каршеринг операторы. Ол 2018 жылдың мамырынан бастап Mikro Kapital Group халықаралық холдингінің құзырына өтті.

Mikro Kapital Group халықаралық холдингінің әлем бойынша 81 кеңсесі бар. Оған 15 ел кіреді. Сонымен қатар бұл қызмет Ресейде, Беларусь Республикасында және тағы басқа ірі елдерде Anytime брендімен танымал. Оны Ресейде 1 миллион тұрғын пайдаланады. 11 қалада барлығы 5 мың көлік бар.