Нұрлан Ноғаев
©Өңірлік баспасөз

Сұхбаттасу алдында өңір басшысы меймандарды Франция құрамасының футболдан әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.

Нұрлан Ноғаев бүгінде Атырау облысы Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерді іске асырудағы белсенді және серпінді даму үстіндегі өңірлердің бірі екенін айтты. Облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ірі ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Экономиканы әртараптандыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді, денсаулық сақтау және туризм салаларын дамытуға көңіл бөлініп отыр.

“Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізге шетелдік инвестицияларды, жоғары технологияларды тарту, персоналдарды әлемдік стандарттар бойынша оқыту жөніндегі тапсырмасы бар. Осы бағытта облысымызда бірқатар іс атқарылды. Біз бизнесті дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту үшін барлық жағдайды жасаймыз. Сіздің елден келген компаниялар бірлескен жобалар құру үшін барлық қажет көмекті ала алатынына сендіргім келеді”, – деді Нұрлан Ноғаев.

Атырау облысының Франциямен сыртқы сауда айналымы 2018 жылдың бірінші тоқсанында 854,9 млн АҚШ доллары болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 27,6%-ға артық. Өңір аумағында француз капиталының қатысуымен 8 компания жұмыс істейді.

Өз кезегінде Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ облыс әкімімен екі ел арасындағы ынтымақтастық бойынша алдағы жоспарларын бөлісті.

“Франция Қазақстанмен тығыз ынтымақтастықтағы елдердің үштігіне кіреді. Осы жылы екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы шартқа 10 жыл болады. Біздің компанияларымыз сіздің ел аумағындағы көптеген ірі жобаға қатысады. Біз жаңа технологияларды ұсынуға, Қазақстан экономикасының түрлі саласы үшін кадр дайындауға қатысуға әзірміз. Баламалы энергетиканы, мәдени байланыстарды дамыту, студенттерді Францияның жоғарғы оқу орындарына оқуға шақыру – бұл екі ел экономикасын біріктірудің бір бөлігі ғана“, – деді Филипп Мартинэ.

Сонымен қатар француз елшісі Франция мен Қазақстан арасындағы экономикалық-мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретін қазақ-француз форумы туралы да әңгімеледі.

Кездесу соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде өзаратиімді ынтымақтастықты жолға қоюға болатын өте көп саланың барын айтып, Франция өкілдерін Атырау облысына жиі келуге шақырды.

Ұқсас жазбалар

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!