Смартфон зарядталмай қалғанда не істейміз?

Халық арасында «егер телефон зарядтағышы істемей тұрса, телефонның заряд қабылдайтын тұсын шаңынан әбден тазарту керек» деген лайфхак тараған. Тіпті, көбі бұл әдісті қолданып, телефондарын баяғыша қуаттап жүр. Бұл жай миф пе, әлде іске аса ма?

Егер смартфон зарядталмай тұрса, оның зарядтайтын тесігін тіс щеткасымен шаңнан тазартып көруге болады. Бұл тәсілден соң телефон ның зарядталуы қалпына келсе, онда проблема қоқыстың толып қалғанынан болған.

Мобильдік орталықтың қызметкерлері телефон қуатталмай қалған жағдайда оны бірден жөндеу орындарына апару керек екенін айтады.

Ең болмағанда проблеманың неден болып тұрғанын анықтап алу үшін телефонды жөндеуге апару керек. Ондағы қызметкерлер алдымен телефоныңызды қуаттағышқа қосып көреді. Телефонды жөндейтін мамандарда зарядтағыштың жұмысын тексеретін арнайы құрылғы бар. Олар арнайы құрылғы арқылы электр тогының қосылып-қосылмағанын, зарядтағыш сымының істен шыққан-шықпағанын немесе проблеманың телефонның өзінен болып тұрғанын анықтап бере алады. Егер зарядтағыш сымының кесірінен телефон қуатталмай тұрса, жаңа сым сатып алу керек. Ал телефонның өзі қуат алмай тұрса, онда ішін ашып, заряд контролерының майысқан тұстарын балқыту арқылы жөндейміз.

Зарядтағыш бұзылмас үшін оны қалай қолдану керек?

Көбіне адамдар телефонды және оның зарядтағышын ұқыпты ұстай бермейді. Смартфон қуат көзіне жалғанып тұрған кезде оны әбден шұқылайды, кенет біреу шақырып қалса, сымын тартады, тіпті суырып кетеді. Зарядтағышты телефонға сұғып, оны қайта суырғаннан және тартқаннан жалғағышының ішіндегі сымы үзіледі, ал басындағы металл майыса береді. Бұл телефонның өзіне де әсер етеді.

Телефонды зарядтағанда мұқият болыңыз. Мүмкіндігінше оны өшіріп зарядтаңыз немесе интернетін өшіріп жайына қалдырыңыз. Егер заряды толса, бірден токтан суырыңыз. 100% зарядтау міндетті емес, 90-99%-дың өзі жетеді. Ұзақ уақытқа, әсіресе, ұйықтар алдында телефонды ток көзіне қоспаңыз. Заряды толған соң ол әрі қарай қабылдамайды, бірақ телефонның қуаттайтын жеріндегі металды балқытып жібереді.

Телефон дұрыс зарядталмаса, оның батареясына әсер етеді. Мұндай жағдайда батарея ісіп кетеді. Ісінген батареяны тастап, орнына жаңасын алған дұрыс.

Android базасындағы смартфондарға қарағанда Iphone-ның зарядтағышы мықтырақ. Бірақ екеуінің де жалғағыш сымдары нәзік келеді. Сондықтан оны майыстырмай қолданыңыз. Көбіне адамдар зарядтағыш сымын телефонға орай жөнеледі. Бұл дұрыс емес.

Зарядтағыш сымының қымбатын алу міндетті емес, бірақ арзанына да жүгінбеңіз. Арзан жалғағыш сым сапасыз болады, біршама уақыттан соң жарамай қалады.

9 пікір

  1. Айфон 15 про мах зарят алмаи тур озинен ози

  2. А11 заряд алмай жатыр косылмай жатыр нестиммм

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!