Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау мақсатында Жайық өңіріндегі А.Оразбаева атындағы білім ордасына ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов келіп, оқушыларымен кездесіп, «Сұңқар мінез, сом тұлғалы қазақтар хақында» және «Тұтқында тауқымет тартқан тағдырлар» атты тақырыптарда дәріс оқыды.
Ахмедияр Қуанұлы сұрапыл соғыс жылдары ерліктің сан үлгісін көрсеткен Халық қаһарманы, ұшқыш Хиуаз Доспанова, Кеңес Одағының батыры, 395 жау сарбазының көзін жойған мерген Төлеуғали Әбдібеков, әскери тапсырманы орындау барысында 858 мәрте әуеге көтерілген ұшқыш Тасмұхан Қазиев, атқыштар батальонының командирі, майор Шәкір Мәжитов, 1944 жылы 10 тамызда Гродно облысы Сокольск ауданы Франск-Бужа селосын азат ету кезінде ерлікпен қаза тапқан капитан Әжіхан Дүйсенов секілді жерлестеріміздің суреттерін, құжаттарын оқушыларға көрсетті.
Оған қоса Ахмедияр Қуанұлы жеке ізденіс барысында өзі анықтаған Ұлы Отан соғысы жылдары жау қолына тұтқынға түсіп, азапты күндерді бастан кешіп, әскери тұтқындарға арналған лагерьлерде қайтыс болған отызға жуық жерлес боздақтың және соғыс жылдары Түркістан легионында қызмет еткен жәнібектік Карис Қанатбаевтың жеке карточкаларының көшірмелерін тәуелсіз еліміздің төл перзенттеріне көрсетіп, тауқымет тартқан тағдырлар туралы айтып өтті. Майданда хабарсыз кеткен қамыстылық Байтас Жаманбалиннің өлеңмен жазған хаттарын оқыды. Сол зұлмат жылдардың хабаршысы болған сағынышқа толы сарғайған үшбу хаттардың түпнұсқаларын шәкірттер көздерімен көріп, қолдарына ұстады.
Ұлы Отан соғысы жылдары жауға қарсы тұрып, қаһармандық танытқан ата-бабаларымыздың ерліктерін жеткіншек ұрпаққа дәріптеуіміз қажет. Осы орайда бүгінгі мектеп оқушыларын отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеуге арын алау, жанын жалау еткен батырларымыздың өнегелі өмір жолдары үлгі болары анық. Патриотизм әркімнің отбасына, туып-өскен ортасына, табиғаты мен еліне деген құрметтен бастау алады. Өз ұлтын, жерін сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады, — деді Ахмедияр Батырханов.