Аталған жоба «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында жүзеге асады.
2018 жылғы 2 қазанда студенттерді, магистранттарды, докторанттарды жатақханамен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру және есептеу әдістемесі күшіне енді.
Осыған орай 11 қазанда облыстық әкімдікте Нұрсұлтан Назарбаев айтқан «Жоғары білімнің қолжетімділігін және сапасын арттыру және студенттік жастардың тұрмысын жақсарту» атты үшінші әлеуметтік бастаманы Атырау облысы шеңберінде іске асыру үшін инвесторларға студенттік үйлердің құрылысын жүргізу бойынша жобаларға қатысудың артықшылықтары түсіндірілді.
Жиында Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Рысқалиев облыстағы жатақхана мәселесіне тоқталды.
Облыста 3 ЖОО, 24 кәсіптік оқу орындарында 29 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Биыл Атырау мемлекеттік университетіне 600 орындық жатақхана тапсырылып, университеттің жатақханаға сұранысы толықтай жабылды. Мұнай-газ университетінде сұраныс жоқ, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты студенттер үйін салуға ниетті, қазіргі таңда демеушілермен келісім жасалып жатыр. Сонымен қатар облыстағы 24 кәсіптік оқу орнының тек 10-ында өз жатақханалары бар. Сол себепті бүгінде облыста жатақхана алуға сұраныс білдіргендер саны 1350-ге жетті. Осы сұранысты жабу мақсатында 1 колледж жатақханасының құрылысы жүргізіліп жатыр. 2 колледж жатақханасының ЖСҚ дайындалып, демеушілерге ұсынылды, — дейді басқарма басшысы.
ҚР ҰЭМ «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Талғат Матаевтың айтуынша, аталған жоба студенттер сұранысын толықтырумен қатар, кәсіпкерлерге де мол мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жатақхана емес, студенттер үйі деген ұғымды қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. Студенттер үйінде студент тек қонып қана қоймай, оқуларына еркін дайындалып, өзін жан-жақты дамытуы керек. Сондықтан салынатын студенттер үйінде оқу залдары, компьютер, жаттығу залдары және кафе, асханалар болуы қажет. Осы бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үшін кәсіпкерлерді жобаға ат салысуға шақырамыз. Біздің орталық кәсіпкерлерге жаңа жатақхана құрылысын салумен шектелмей, дайын тұрған бос ғимараттарды студенттер үйіне айналдыруды ұсынады. Бұл үшін мемлекет барлық мүмкіндікті қарастырған. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жаңа құрылыс жүргізген кәсіпкерге 122 айлық есептік көрсеткіш, жаңғырту және қайта құру жұмыстарын жүргізгені үшін 45 айлық есептік көрсеткіш бойынша қаржы төленеді. Оның үстіне, жекеменшік-әріптестік заңы бойынша мемлекеттік тапсырыспен қоса, жергілікті бюджеттен мемлекет қолдауын алуға болады. Бір шарты: ғимарат 20 жыл бойы жатақхана болып қалуы тиіс, — дейді Талғат Матаев.
Айта кетейік, республика бойынша 75 мың студент жатақханаға сұраныс білдірген. Елбасы тапсырмасы бойынша 2022 жылға дейін сұраныс толық жабылуы керек.