Ғылыми конференция профессор Мұфтах Диаровтың 85 жас мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Атырау мұнай және газ университетінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Мұфтах Диаровтың 85 жасқа толуы аталып өтті. Мерейтойға орай өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияға Ресей мен Әзірбайжаннан және Қазақстанның бірқатар облысынан ғалымдар қатысып, өз баяндамаларын ұсынды.
Пленарлық мәжіліске облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, профессорды мерейлі жасымен құттықтады.
Геология саласының майталманы болуға бет бұрып, жастайыңыздан мамандығыңызға адалдықпен қызмет атқардыңыз. Бүгінгі таңда өз салаңыздың абыз ақсақалы болып, өзіңіз дайындаған доктор, кандидаттардың, басқарып отырған ғылыми орталықтан білім алып жүрген ұстаздар, студенттердің ризашылығына бөленіп келе жатырсыз. Тырнақтап жинаған тәжірибеңізді, ерен еңбегіңізді ескеріп, Каспий маңы университеттері үлкен шара ұйымдастырды. Бұл да — сіздің ұшан-теңіз жетістігіңіздің дәлелі. Деніңізге саулық, ұрпағыңызға амандық тілеймін, — деп, облыс әкімі мерейтой иесін салтанатты түрде құттықтады.
Мұфтах Диарұлының ғылыми еңбектерін, зерттеулерін ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Экология және мұнай-газ кешені» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл конференция 4-рет ұйымдастырылды.
Мұфтах Диарұлымен 1972 жылдан бері таныспын. Екеуміздің экологияға көзқарасымыздың бір жерден шығуы арқасында жылдар бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Профессордың 25-тен аса ғылыми монографиясы, 8 авторлық патенті аймақтағы барлық кен орнын тиімді пайдалануға және аймақ экологиясына келер зиянды азайтуға арналған еңбектер. 85 жасына қарамастан жастарға берер білімі көп ұстаз әлі де бірқатар еңбекті жарыққа шығаратынына сенемін, — дейді профессор Әкімғали Кенжеғалиев.
Шараны облыстағы және Каспий маңы елдеріндегі мұнай-газ саласының дамуы туралы баяндамалар легімен, профессорға арналған құттықтаулармен жалғасын тапты.