Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды.
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, жалпыұлттық жоспарда еліміздің дамуы үшін қолға алынатын негізгі алты міндет бойынша 100 іс-шара қамтылған.
Мемлекет басшысы Жолдаудағы бірінші тапсырма «Халық табысының өсуі» міндеті бойынша қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне ерекше назар аударды. Бұл мақсатқа жету үшін қазақстандықтардың табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 24 іс-шара қарастырылып отыр.
Қазақстандықтар үшін аса маңызды шаралардың бірі – 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп 1,5 есе артыру шарасы. Халықтың кірісін қорғау үшін заңнамаға тариф белгілеу тетігінің, коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың қаражатын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін өзгерістер енгізіледі. Бизнесті тиімді қолдау мақсатында 2025 жылға дейінгі Бизнестің жол картасы бағдарламасы жалғастырылады, — деді Тимур Сүлейменов.
Екінші «Тұрмыс сапасын арттыру» міндетінің аясында екі маңызды сала — білім беру және денсаулық сақтауды қамтитын 24 іс-шара көзделген. Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, оқушылар орнының тапшылығын жою және үш ауысымды мектептер проблемасын шешу мақсатында осы жылдың соңында өңірлерде мектептердің құрылысы басталады.
Денсаулық сақтау саласында медицина қызметтерінің сапасын арттыру үшін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттаманы қағазсыз, цифрлық түрде жүргізуге көшеді.
Биыл Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталады. Ол қазіргі заман талабына жауап беретін құрылғылармен жабдықталады. Халықты сапасыз және денсаулыққа қауіпті тауарлар мен қызметтерден қорғау мақсатында Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылады, — деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық экономика министрі Жалпыұлттық жоспардың барлық шарасы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, еліміздің кез келген елді мекенінде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
Бұған қоса, елімізді тиімді аумақтық ұйымдастыру мақсатында Елімізді аумақтық-кеңістіктік дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасы қабылданады, бұл Еліміздің басқарылатын кенттенуінің жаңа картасына айналады. Министрдің айтуынша, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы нақты іс-шараларын, жобалары мен қаржыландыру көлемін көрсете отырып келесі жылы қабылданады. Көлік инфрақұрылымын, коммуналдық және тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары ұзартылады.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, құқық қорғау органдарының жұмысын түбегейлі жақсарту және азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматын енгізуді, қоғамдық қауіпсіздікті мониторингілеу жүйелерімен қамтамасыз етуді көздейтін ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасы қабылданады.
Соттардың жұмыс істеуінің заманауи форматын және озық электрондық сервистерді енгізу, артық сот рәсімдерін қысқарту арқылы сот жүйесі одан әрі жаңғыртылады, — деді ол.
«Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат» атты төртінші міндет аясында 19 іс-шара көзделген. Мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелерін адамдарға түсіндіруді көздейтін «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасы әзірленеді.
«Тиімді сыртқы саясат» бесінші міндеті аясында сыртқы саясатты қазіргі жағдайларға бейімдеу және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарында ілгерілету бойынша шаралар қабылданады.
«Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» алтыншы міндеттің шеңберінде 6 іс-шара көзделген.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жаңа мазмұн мен бағыттарды қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мемлекет басшысы жариялаған Жастар жылы аясында жастардың барлық санатын қолдау шарасын көздейтін іс-шаралар жоспары қабылданады. Әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту үшін мектептерде «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігі құрылады.
Жалпы алғанда, Жалпыұлттық жоспарды уақытылы орындау Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Жолдауда берген тапсырмаларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге негіз болады, — деп түйіндеді ұлттық экономика министрі.