Кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин қазақстандық жас боксшыларға қолдау көрсеткелі отыр. Бұл туралы ол бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Геннадий Головкин өзі іріктеу жүргізіп, қазақстандық боксшылардың арасынан кімнің GGG Promotions-пен жұмыс істеп, кімнің әлемдік кәсіби шаршы алаңдарда Қазақстанның намысын қорғайтынын өзі шешеді. Ұзақмерзімді қаржылай көмекті «Технодом» компаниясы көрсетеді.
Біздің компания еліміздің спорт саласының дамуына өз үлесін қосқысы келеді. Сондықтан кеше Геннадиймен жаңа жоба бойынша келісімшартқа қол қойдық. Біз үшін спорт жұлдызы, әлем чемпионымен жұмыс істеу — үлкен мәртебе. Ол — өте сыпайы адам, өте ашық әрі шымыр спортшы. Сондықтан болашақ спортшыларды дамытуға бағытталған біздің ұсынысымызды қабылдаған Геннадийге алғысымыз шексіз, — деді «Технодом» компаниясының басшысы Эдуард Ким.
Кәсіпқой боксты дамыту үшін осындай қазақстандық компанияның үлкен істер атқарып жатқаны қатты қуантты. Болашақ кәсіпқой боксшыларды тәрбиелеп, жаттықтыруға, ортақ түсінік, ортақ саясат, ортақ стартегия қалыптастыруға көмегін берген «Технодомның» арқасында біз жас спортшыларды алға дамытуға барымызды саламыз. Олардың алға жылжуын қадағалап, үлкен жетістіктерге қол жеткізуге көмек береміз. Елге келгенде жылы шыраймен қарсы алған сыбайлас, ниеттес адамдарды кездестіріп, олармен жұмыс істейтініме қуаныштымын, — деді Геннадий Головкин.
Кәсіпқой бокста алға шығу өте қиын. Ең бірінші проблема — қаржыландыруда. Себебі спортта, әсіресе бокста бірен-саран арнайы субсидиялар ғана болса, ал кәсіпқой спорт тек демеушілер мен меценаттардың, ұйымдардың арқасында дамып отыр. Әлемде мыңдаған талантты боксер бар, ал Олимпке санаулысы ғана шығады. Геннадийге қандай өткелдерден өтуге тура келгенін елестете де алмассыз. Өйткені оның жолы өте қиын әрі күрделі кезеңдерден тұрады. Сондықтан біз ең алдымен қаржылай көмек береміз. Сонымен қатар елімізде арнайы іріктеу мен жарыстар өткізуде, болашақ боксшыларды жаттықтырып, алға таруға, көмектесеміз, — деді Эдуард Ким.
Геннадий Головкин мен «Технодом» компаниясының арасындағы серіктестіктің ерекшелігі — екі тараптың да мүмкіндіктері ескерілген.
АҚШ-та лицензиясы бар, тіркелген GGG Promotions атты промоутерлік компаниям бар. Қазір ол жерде менің қадағалауыммен Әли Ахметов, Руслан Мәдиев сияқты жас боксшылар әлемдік аренаға шығу үшін жаттығып, шынығып жатыр. Олардың алға қойған мақсаттары мен талпынысын көрдім. Таланты мен рейтингі де жаман емес. Ең бастысы, олар — біздің қазақстандық жігіттер. Сондықтан жас спортшыларымыздың кәсіпқой бокс алаңына шығып, армандарын орындау үшін барымды саламын. Сонымен қатар «Технодомның» көмегімен біздің промоушенге басқа да талантты да талапты жігіттер әлі келетініне сенемін, — дейді Геннадий Головкин.