Басты бетЖаңалықтарАлматы немістің...

Алматы немістің «ақылды» технологиясынан үлгі алмақ

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Германия Федеративтік Республикасының сыртқы істер министрі, бундестаг депутаты Нильс Анненмен кездесті.

Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар мәселелерін талқылады.

Бауыржан Байбек Алматы мен Германия арасындағы тауар айналымының оң динамикаға ие екендігін айтты.

Алматыда немістің «ақылды» технологиясы мен инновациялық құрылымдарына, сонымен қатар германиялық бизнесті қала экономикасына тартуға қызығушылық жоғары, — деді Алматы басшысы.

ГФР-дың сыртқы істер министрінің айтуынша, осы күзде Алматыда өтетін жыл сайынғы «Қазақстандағы Германия экономикасының күндері» бизнес-форумы екі ел арасындағы іскерлік байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Нильс Аннен Алматыдағы жаяу жүргінші және көлік инфрақұрылымын модернизациялау жобасына баға беріп, өз қаласы туралы айтты.

Өзімнің туған қалам Гамбургте BRT жүрдек автобустар желісі салынып, қоғамдық көлік дамып жатыр. Мұның барлығы қаланы көркейту арқылы инвесторлар тарту. Сонда ғана қалада жаңа офистер мен әсем ғимараттар пайда болады, — деді Германия Федеративтік Республикасының сыртқы істер министрі.

Айта кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында цифрлануға ұмтылған елдерді мысалға ала отырып, бізді де үлгі алуға шақырған еді.

Бүгінде цифрландыру процесі әлемдегі барлық елдерге әсер етеді. Сонымен қатар әрбір ел цифрлық дамудың басымдықтарын өзі айқындайды. Әлемдегі 15-тен астам мемлекет қазіргі уақытта ұлттық цифрландыру бағдарламаларын іске асыруда. Қытай, Сингапур, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея және Дания ұлттық экономикаларды цифрландыру бойынша алдыңғы қатардағы елдер болып табылады. Қытай өзінің «интернет плюс» бағдарламасында цифрлық индустрияны дәстүрлімен біріктіреді, Канада Торонтода АКТ-хабын жасады, Сингапур драйвері АКТ болып табылатын «ақылды экономиканы» қалыптастырады, Оңтүстік Корея «Креативті экономика» бағдарламасында адами капиталды, кәсіпкерлікті дамытуға және АКТ саласындағы жетістіктерді таратуға бағдарланады, ал Дания мемлекеттік секторды цифрландыруға баса назар аударуда, — делінген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында.