«Алпамыс батыр» эпосын жатқа айтатын оқушы 1,5 миллион теңге ұтып алды

Алматыда мектеп оқушылары арасындағы бірегей тарихи-танымдық байқаудың жеңімпаздары анықталды.

Алматы ішкі саясат басқармасы мамандарының хабарлауынша, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған» тұңғыш әдеби конкурсының қорытындысы шығарылды.

Байқаудың шарты бойынша 6-10-сынып оқушылары «Алпамыс батыр» эпосын жатқа айтып жарысуы керек. Барлығы 1300 оқушы қатысты.

Қазылардың шешімімен бірінші орын және 1,5 миллион теңге №180 орта мектептің 9-сынып оқушысы Аружан Әбсатарға берілді.

Аружан Әбсатар
Аружан Әбсатар, Абылай Бердашев, Бекзат Шардарбек. Фото: Uvp.almaty.kz

Екінші орын мен 1 миллион теңгені №187 лицейдің 6-сынып оқушысы Абылай Бердашев иеленді. №152 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Бекзат Шардарбек үшінші орынға ие болды, оған 500 мың теңге бұйырды.

Жеңімпаздарды сайысқа дайындаған мұғалімдер — Майра Мырзахметова, Айжан Оспанбекова мен Фарида Сүлейменоваларға Ұлыбританияға Оксфордтың қысқаша ағылшын тілі курсынан өтуге грант берілді.

Еске сала кетейік, бұл байқау 2018 жылдың 17 мамырында жарияланып, бірнеше кезең бойы өтті. 15 қыркүйекке дейін 8 аудандық сын ұйымдастырылды, 26 қыркүйек күні Оқушылар сарайында аудандық сайыстан іріктелген 24 финалист байқаудың жалпықалалық кезеңінде бақ сынады.