2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмек бағасын реттеу жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.
Өзекті проблемалардың бірі — азаматтардың дәрімен қамтамасыз етілу құқықтарын сақтау. Біз халықтан түскен 3000-нан астам шағымға талдау жүргіздік. Олардың негізгі себептерінің бірі — дәрілік заттарды сатып алуды жоспарлаудың тиімсіз жүйесі, дәрілік қамтамасыз ету рәсімдерінің ашық болмауы, — деді министр.
Оның айтуынша, 2016-2017 жылдары 11 өңірде жалпы сомасы 4,3 миллиард теңге болатын өтпеген дәрілік зат анықталған.
Мемлекеттік бағдарламада көзделген азаматтарды дәрілік қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мыналарды қамтамасыз етеді: барлық тегін дәрі-дәрмек беру дербестендірілген электрондық есепке алынады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмек бағасын реттеу жүйесі әзірленіп, оны іске қосу және дәрі-дәрмекті ілкі қадағалау жүйесі енгізіледі, — деді Елжан Біртанов.
Министрдің мәліметінше, 2020 жылға қарай дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі арқылы рецепттік препараттар электрондық түрде жөнелтіледі.