Атырау жедел жәрдем
Фото: Атырау облысы әкімі аппаратының өңірлік коммуникациялар қызметі

Атыраудағы “Нұрсая” ықшамауданында жедел жәрдем қызметінің жаңа нысаны ашылды. Салтанатты шара Қала күніне орай өткізілді. Бекеттің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов пен Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиева қатысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, жаңа нысан жақын маңдағы үйлер мен ықшамаудандардан 75 мың тұрғынды қабылдай алады. Шақыртуларға 8 жедел жәрдем бригадасы шығады. Жаңа бекеттің штат құрамы 50 адамнан тұрады, 32-сі – фельдшер, 18-сі – диспетчерлер, жүргізушілер мен орта буындағы медицина қызметкерлері. Жаңа нысан заманауи құрылғылармен жабдықталған, барлық реанимобильде GPS-навигатор орнатылған. Бұл жерде алғашқы көмек көрсетуден практикалық тренингтер өтетін оқу-жаттығу бөлмесі де бар.

Жақын арада “Нұрсая” ықшамауданында мемлекеттік-жекешелік әріпстестік аясында 12 мың тұрғынға қызмет көрсете алатын жаңа емхана салынады. Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен жергілікті бюджет және мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен жуық арада Атырауда тағы бір бекет, сонымен қатар 3 қосалқы жедел жәрдем бекеті ашылады, – дейді Мәншүк Аймурзиева.

Айта кетейік, 1-7 қазан аралығында Атырауда қала күніне орай мәдени және спорттық шаралар өткізу жоспарланған.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!