Басты бетЖаңалықтарАлматының көлік...

Алматының көлік жүргізушілері электрондық үкіметті пайдалануды үйренді

Мамандандырылған ХҚО ғимаратының іші мен сырты таңғы сағат 9-дан бастап адамға толы. Барлығының мақсаты — мемлекеттік қызмет алу. Бірі жүргізуші куәлігін ауыстыруға келсе, бірі көлігін тіркеуге немесе тіркеуден шығаруға, жұмыстарын ысырып қойып айыппұл төлеуге шалғайдағы ХҚО ғимаратына келген.

Бұл жерге көлігіме салынған айыппұл төлеуге келдім. Кассаға барып төледім. Енді «төленді, қарызы жоқ» деген құжаттың дайын болуын күтіп отырмын. Оны интернет арқылы қалай төлеу керегін білмеймін, сондықтан алыс болса да, жұмыстан сұранып, келіп отырмын, — дейді Айдана Жәдігерова.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері осы мәселені шешу мақсатында Алматыдағы мамандандырылған ХҚО ғимаратының алдында шатырлар тігіп, автокөлік жүргізушілеріне қажет құжаттарын электрондық үкіметтен алуға үйрететін акция ұйымдастырды.

Алматы акция
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы

Акцияда автокөлік иелері электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу, мобильді үкіметке тіркелу, айыппұл, салық берешектерін тексеру және төлемдер жасау, жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыру, көлік құралын онлайн тіркеу, тіркеуден шығару бойынша мемлекеттік қызметтерді алу процестерін үйренеді және қажетіне қарай осы қызмет түрлерін алуды үйренеді.

Әрбір адам құжаттарын ауыстыру үшін күн тәртібін бұзбай, өз уақытын үнемдеуіне жағдай жасау мақсатында мұндай акцияларды автобазарларда, сауда орталықтарында және тағы басқа адамдар көп жиналатын орындарда өткізіп жүрміз , — дейді Алматыдағы мамандандырылған ХҚО басшысы Нұрсұлтан Оңдасын.

Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік қызметті онлайн түрде пайдалануға болады. Сонда да, ХҚО ғимараты босайтын емес. Дегенмен тиімді қызметтің пайдасын көріп жүргендер де жоқ емес.

Бұл өте пайдалы дүние болды. Өзім заң ғылымдарының кандидатымын. Бос уақытым бола бермейді. Жаңа ХҚО қызметкерлерінен электрондық үкіметті қалай пайдалану керегін үйреніп алдым. Енді барлық қызметті онлайн қолданамын, — дейді Әлім Қызайбек.

Акция күні композитор, әнші, Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев пен әнші Айжан Нұрмағамбетова да электрондық үкімет сайтын пайдалануды үйреніп, өзге азаматтарға да қолдануды насихаттады.

Алтынбек Қоразбаев
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы

Заман жылдамдыққа қарай бет алды. Қандай қызмет болса да, онлайн алуға мүмкіндік жасап қойған. Қазір қалтаңда қалта телефон болса болды. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Жасымыз келсе де, жастардан қалмай, жаңалықтармен ілесуге тырысамыз, — дейді Алтынбек Қоразбаев.

Айжан Нұрмағамбетова
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Алматыдағы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетованың айтуынша, үйде отырып құжат алуға өтініш тастасаңыз, орталыққа келмей-ақ құжатты пошта арқылы алуға да болады.

Құжаттарға өтініш бергеннен кейін 2 сағат күтуге тура келеді. Ал егер үйде онлайн түрде істесеңіз, орталыққа тек дайын құжатты алып кетуіңізге болады. Егер орталыққа мүлде келе алмайтын болсаңыз, пошта арқылы тапсырыс берсеңіз болады. Ол артық жұмыс емес, сол egov.kz сайтында құжатты пошта арқылы жеткізу батырмасын бассаңыз, жеткізіп береді. Жеткізу құны қала ішінде 800 теңге шамасында болады, — дейді Жаңыл Әпетова.

Айта кетейік, Алматыдағы №1 мамандандырылған ХҚО-дан жыл басынан бері 69 206 жүргізуші куәлігі берілген. Электрондық түрде жүргізуші куәлігін беру наурыз айында іске қосылып, осы күге дейін 888 жүргізуші куәлік алған. 282 874 автокөлік құралын тіркеу, қайта тіркеу қызметтері тіркелген. Осы қызметті онлайн түрде алу маусым айында басталып, осыған дейін 237 азамат тіркелген. Күніне 1500-2300 адамға қызмет көрсетіледі.

Акция аясында азаматтарға ақпараттық парақшалар мен сыйлықтар таратылады.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру мақсатында бірнеше тапсырма берген еді.

Мемлекеттік органдардың бейіндік қызметі автоматтандырылуда, алайда әлі де ақпараттандырумен толыққанды қамтылмаған қызмет салалары бар. Жаңа технологиялардың пайда болуы қазіргі кезде іске асырылған қызметтерге қарағанда жоғары сапалы қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. Мысалы, үлкен деректер технологиясын пайдалану халықтың қажеттіліктерді талдауда түбегейлі басқа көзқарасқа, салдарынан қызмет көрсету сапасының артуына әкелуі мүмкін, — делінген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында.