Lazarski University (Польша, Варшава)
Lazarski University қорының мақсаты — талантты, ынталы, қоғамдық жұмыстарда белсенді және ең бастысы, оқу ақысын төлеуге жағдайы жетпейтін жастарға арнап бакалавриат және магистратура деңгейінде білім беру.
Үміткерге қойылатын талаптар. Университетке электрондық өтініш жіберу керек. Негізгі талап — аттестат (бакалавриат деңгейіне) пен дипломның (магистратура) орташа балының жоғары болуы, сапалы мотивациялық хат, жетістіктері мен ағылшын тілін білу деңгейі.
Қаржыландыру. Грант көлемін үміткердің мотивациялық хаты пен жетістігіне байланысты арнайы комиссия анықтайды. Ең көп дегенде бір адамға 1 миллион 900 мың теңге шамасында қаржы бөлінеді.
Өтінішті қалай толтыру керек? Электрондық өтінішті толтырып, сіздің жетістіктеріңіз, диплом немесе аттестаттың бағаларын және отбасыңызға ай сайын түсетін табыс көлемін растайтын құжаттар міндетті түрде көрсетілуі керек.
Құжаттарды тапсыру мерзімі — 9 қазанға дейін.
9 қазаннан кейін комиссия іріктеуден өткен үміткерлермен Skype арқылы байланысады. Онда үміткер жетістіктері мен қызығушылықтарын айтуы қажет.
Жеңімпаздардың есімі 9 қарашада университет сайтында жарияланады.
University of British Columbia (Канада, Ванкувер)
Donald A. Wehrung International Student Award стипендиясының мақсаты — материалдық жағдайы қиын бола тұра мектепте немесе басқа оқу орнында үздік оқыған, жоғары оқу орында оқуға мүмкіндігі жоқ студенттерге бакалавр дәрежесінде білім алуға қолдау көрсету.
Шәкіртақы көлемі. 3 жылғы оқу ақысы мен жатақхананы Donald A. Wehrung International Student Award стипендиясы қамтамасыз етеді. Бакалавр дәрежесіндегі кез келген мамандықта оқуға мүмкіндік бар.
Талаптар:
- шәкіртақыны тек шетелдік студенттер иелене алады (канадалықтар қатыса алмайды);
- жалпы білім беретін мектептің соңғы сыныбында оқитын немесе мектеп бітірген оқушылар қатыса алады;
- үміткер бакалаврды басқа оқу орнында оқымаған болуы керек;
- үміткер оқуда үздік, көшбасшы болуы қажет;
Өтініш онлайн түрде 2018 жылдың 1 қазан-1 желтоқсан аралығында қабылданады.
Барлық ақпарат университеттің ресми сайтында жарияланады.
Edith Cowan University (Австралия, Джоондалуп)
Edith Cowan университеті магистратура (2 жыл) және аспирантура (3 жыл) дәрежесінде оқығысы келетін барлық студентке толық стипендия ұсынады. Стипендияға ие болу үшін басты талап — академиялық үлгерім мен зерттеу қабілеті.
Стипендия көлемі. Жылына шамамен 10 миллион теңге (28 420 доллар). Ұшып келу, кету шығыны мен медициналық сақтандыруға қосымша төленеді.
Талаптар:
- Edith Cowan университетінің зерттеу бағдарламаларының біріне шақырту алу керек;
- бакалавр дәрежесін үздік бітіру қажет;
Кем дегенде мына талаптардың біреуі сәйкес келуі керек:
- магистратурада оқу үшін Edith Cowan университетінде кемінде 6 ай зерттеу жүргізу керек. Сонымен қатар үздік студенттердің 30 %-ның қатарына ену міндетті;
- өтінішті Integrated PhD (J42) курсында бірінші жылын аяқтағандар толтыра алады және үздің студенттердің 20%-ның құрамына ену керек;
Үміткерде кем дегенде мына тізімдегілердің біреуі болуы керек:
- ғылыми журналда жарияланған мақала;
- конференцияның толық жарияланған нұсқасы;
- ғылыми зерттеу кітабы;
- шығармашылық жұмысы немесе шығармашылық артефактілер көрмесі;
- мемлекеттік, ұлттық немесе халықаралық пішіндегі шығармашылық немесе дизайнерлік жұмыс;
- жүлделі орынға ие болған жобалар.
Мына үміткерлер стипендия иелене алмайды:
- ECU Integrated PhD бағдарламасында оқып жатқан, бірақ бірінші жылын аяқтамағандар;
- Australian Research Doctorate Degree дәрежесін немесе эквивалентіне ие болғандар;
- бұрын соңды магистратураны басқа оқу орында оқығандар.
Өтініш қабылдау оқу орнының ресми сайтында онлайн түрде қабылданады.
Өтініштерді қабылдау мерзімі — 26 қазанға дейін.
Шетелде білім алудан бөлек, тәжірибе жинап, жұмыс істеуге және түрлі командалық жобаларға қатысуға мүмкіндік жасайтын халықаралық ұйымның филиалы Қазақстанда да бар.
AIESEC ұйымының тәжірибе алмасу бағдарламалары
AIESEC ұйымының филиалы орналасқан әлемнің 128 еліне шығуға болады. Елдердің тізімі ұйым сайтында жарияланған.
3 бағдарлама бар. Олар:
Global Volunteer (әлеуметтік тәжірибе)
Global Talent (кәсіби тәжірибе)
Global Entrepreneur (start-up жобалар).
Осы бағдарламалар арқылы шетелге бару үшін не істеу керек?
- ресми сайтқа тіркелу;
- қажет бағдарламаны таңдау;
- бағдарламаны елге, мерзіміне және кәсіби тәжірибе болса мамандыққа байланысты еркін таңдау;
- сайттан өзіңіз таңдаған жобаға өтініш жіберу;
Кейін осы ретті орындаған үміткердің өзі таңдаған мекеме Skype арқылы байланысады. Онда ағылшын тілінде сөйлесу міндетті немесе үміткердің өзі туралы түсірген бейнежазбасын сұрауы мүмкін. Жобаға қабылданғаннан кейін ғана ұйымның Қазақстандағы филиалымен байланыс орнайды.
Басты талаптар:
- үміткердің жасы 18-30 жас аралығында болуы керек;
- ағылшын тілін орта деңгейде білу.
Біздің бағдарламалар арқылы шетелде тәжірибе жинағысы келген азамат кез келген уақытта өтініш тастап, құжаттарын дайындап, қалаған еліне бара беруіне болады. Үміткер баратын елін, қайда тәжірибеден өтетінін, қашан баратынын, біздің сайттан анықтап, өздігінен таңдау жасай алады. Дәл қазіргі уақытта командамызға белсенді жастарды жинап жатырмыз, — дейді ұйымның Қазақстандағы қоғаммен байланыс бөлімінің вице-президенті Майра Қангереева.
Басты қаржы көзі — демеушілер. Қабылданған үміткердің шетелде тұру шығыны мен тамағын ұйым өтейді. Әуе сапары шығыны, сақтандыру мен қажет болса виза ақысын үміткер өзі төлейді.
Жобаға қатысу ақылы:
Global Volunteer- 45000 теңге;
Global Talent- 70000 теңге;
Global Entrepreneur — 50000 теңге.
Вице-президенттің айтуынша, шетелдік мекеме тәжіририбеден өткен азаматтарға айлық төлейді.