Еліміздің бірқатар заңынан ішкі қарама-қайшылықпен қатар теңгерімділіктің жоқтығын көруге болады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы заң шығару процесін жетілдіру мәселелері жөніндегі Үкімет сағатында жоғары палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Парламенттің өкілеттігін күшейту жұмысы заң шығарушы тұлғалардың заң жобаларын әзірлеу және оларға бастамашылық жасау тәртібін реттеуді талап етеді. Осы жерде бірінші мәселе туындайды. Бұл — әлі күнге дейін өзгеріссіз қалып отырған заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейінің төмендігі, ол заң шығару жұмысындағы жүйесіздікке, шашыраңқылыққа, әбден пісіп-жетілген түйткілдердің тым кеш шешілуіне және кодификацияланған актілердің ретсіз түзетілуіне әкеліп соғады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, осы себепті заң нормалары құқықтық ахуал жасаудың орнына тез өзгеретін жағдайлардың салдары болып отыр. Парламент қабылдаған заңнамалық актілерге күшіне енген кезден бастап бір жыл ішінде басқа заңдар негізінде 100-ге жуық өзгерту енгізілетін жағдайлар да кездеседі.
Көп жағдайда біздің заңдарымыз экономика мен қоғам өміріндегі шұғыл проблемаларды шешуге бағытталады. Соның салдарынан бұл заңдардың мазмұнында ағымдағы жағдайға деген тұжырымдамалық көзқарас пен мемлекеттің дамуына оң ықпал ететін үрдістердің тапшы екені бірден байқалады. Бірқатар заңнан ішкі қарама-қайшылықпен қатар теңгерімділіктің жоқтығын көруге болады. Заң бір ұғымның өзін алуан түрлі мағынада түсіндіруі мүмкін. Бұл жағдай қоғамның Парламент пен Үкіметтің қызметіне деген сыни көзқарасын туғызары анық, — деді ол.
Сенат спикері еліміздің заңнамалық жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізуді құқықтық қамтамасыз ету екеніне де назар аударды.
Осы орайда Үкіметтің жоғары рейтингтік көрсеткіштерге сай болуға бағытталған терең ұмтылысын атап өту қажет. Әрбір мемлекеттік орган өз міндеттеріне ғана сәйкес келетін қағидаттар мен әдістер негізінде халықаралық рейтингтерге қол жеткізу міндетін қойды. Сонымен қатар алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тобына кіру шаралары Үкіметтің барлық органының осы бағыттағы үйлесімді жұмысын қажет етеді. Халықаралық ұйымдармен іс-қимыл жасаудың маңызы зор екені күмәнсіз, бірақ олардың талаптары мен сұраныстары, ең алдымен, ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге және Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтаждары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған заң шығару жұмысына тосқауыл болмауы тиіс, — деді палата төрағасы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айуынша, аталған процесті анағұрлым кешенді, үйлесімді және оны халықаралық қоғамдастықпен қатар еліміздің азаматтарына ұғынықты ету үшін оның кезеңдері мен шарттарын құқықтық реттеу мәселесін қарау қажет. Сенат төрағасы Үкімет құқық қолдану мәселелеріне ерекше назар аударуы қажет екенін де айтты.
Мемлекетіміздің қазіргі даму жағдайында жоғары сапалы заңдар жүйесін қамтамасыз ету айрықша маңызға ие. Олардың тиімділігі заң шығармашылығы процесінің барлық тұстарын жан-жақты ойластырумен тікелей байланысты екені түсінікті. Заң шығару процесін жете бағаламау немесе оны оңайлату көптеген заңнамалық және құқық қолданудағы қатеге ұрындыратыны сөзсіз, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында цифрлық индустрияны дамыту басқа салалардың өркен жаюына ерекше серпін беретінін атап көрсеткенін еске салды.
Алдыңғы қатарлы технологиялар мен әзірлемелерді заң шығару процесінде пайдалану заңнамалық процестің сапасына оң ықпалын тигізетіні анық, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет құқық қолдану мәселелеріне ерекше назар аударуы қажеттігін ескертті.
Заңдардың дұрыс орындалмауы немесе бұрмалануы олардың сапасын жоққа шығарады және халықтың сенім деңгейіне айтарлықтай кері әсерін тигізеді, сәйкесінше бұл мемлекетіміздің реформалары мен орнықты даму стратегиясын ойдағыдай жүзеге асыру барысына айтарлықтай теріс ықпал етуі мүмкін,- деді Сенат спикері.