Басты бетЖаңалықтарМемлекет ұлттық...

Мемлекет ұлттық киноны қалай қаржыландырады?

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Кинематография туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа моделін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде прокатты қосқанда, барлық картина толық көлемде қаржыландырылады. Сәйкесінше, бұл шығарылатын картиналардың санын, сонымен қатар олардың нарықтағы коммерциялық ілгерілеуін айтарлықтай шектейді. Өйткені өндіруші, продюсер, шығармашылық топ өндіріс барысында өздерінің барлық гонорарын алып қояды, — деді ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа кесте қаржыландыру көлемі бойынша фильмдерді айқын саралауға бағытталған. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар фильмдер сметалық құнының 100%-ына дейінгі толық көлемде қаржыландырылады. Бірінші кезекте балаларға арналған, әлеуметтік маңызы бар, анимациялық және дебюттік картиналар қамтылады. Бұдан бөлек, бірлесіп шығарылатын фильмдер немесе бірлескен өнімдер шетелдік кинокомпаниялармен оларды өндіру туралы тиісті келісімдерде көзделген шекте қаржыландырылады.

Ал көпшілік, коммерциялық деп аталатын фильмдер ішінара инвесторлар мен жеке капиталдарды тарту шарттары арқылы 10-нан 70%-ға дейін қаржыландырылады. Өтініштерді қарастырған кезде киножобаны таңдау талаптарының бірі — өндіруші жағынан қаржылық қамтамасыз етілуі, — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа заң жобасының мақұлдануымен бірге кинематографияға арналған мемлекеттік қолдау тұңғыш рет құқықтық негізге ие болып отырғанын айтты.

ДереккөзInform.kz