Үкімет Астананың жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспарды мақұлдады

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Астананың 2019–2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары елорданы одан әрі дамытудың негізі екенін айтты.

Жоспарға сәйкес, 2023 жылы Астана халқы 1 миллион 500 мың адамға көбейеді. Соған байланысты Асқар Мамин инженерлік коммуникациямен, жылумен, энергетикамен қамту және денсаулық сақтау, білім беру нысандарын ашу мәселелері маңызды болып тұрғанын айтты.

Бұл кешенді жоспарда осы шаралар жақсы ойластырылған. Алдағы бес жылда 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынады, 500 мың адам баспанамен қамтылады, 37 мектеп, 13 денсаулық сақтау нысаны салынады. Көп жоба жекеменшік-мемлекеттік серіктестік тетіктерін қолдану арқылы салынады. Тұтас алғанда, 6 триллионға жуық жеке инвестиция тартылады, — деді Асқар Мамин.

Үкімет мүшелері 2019–2023 жылдарға арналған Астананың жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру жобасын мақұлдады.

ДереккөзZakon.kz