Бекболат Тілеухан Көшпенділер ойындарындағы көкпар жөнінде түсінік берді

Жиын кезінде Бекболат Тілеухан соңғы күндері әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан көкпаршыларға қатысты сұраққа жауап берді.

«Біздің ересектер құрамасы барған жоқ. Алдыңғы ересектер құрамасы барған кезде біздің көкпаршылар екінші орын алып қалған. Үнемі ұтылумен болды. Сондықтан көкпаршылармен, осы саладағы мамандармен ақылдастық. Бұл Азия немесе Әлем чемпионаты емес, бар болғаны фестиваль ғой. Біз бұл додаға жастар командасын салдық. Жастар да додаға түсіп, сол сыннан өтуі керек. Қырғызстанда ойнаған Қазақстанның жастар командасы. Мақсатымыз орындалды. Барды, ойнады, өте жақсы дәрежеде өнер көрсетті деп ойлаймын», — деді Бекболат Тілеухан.

Айта кетейік, қазақ көкпаршылары көшпенділер ойындарында өзбек спортшыларынан жеңіліп, қола медальды місе тұтқан еді. Ұлттық спорт қауымдастығының президенті осыған қатысты түсінік берді.

«Спорт болғаннан кейін біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Ересектерді жіберсек, жеңіп тұрғанымыз анық. Енді жастар да кіріспей ме? Біздің жетекші ретінде алдымызға қойып отырған негізгі мақсат бар — бұл әділдік. Қазақстанның жеріне кеп ойнағанда, аударыспағыңыз болсын, көкпарыңыз болсын — әділдіктен бір сантиметр тайған жері жоқ. Өйткені қалыптасу кезеңіндегі ойын болғаннан кейін басталмай жатып, әділетсіздікке баратын болсақ, берекесі кетіп қалады», — дейді ол.

Сонымен қатар ол  «Ұлттық спортқа қанша ақша бөлінді?» деген сұраққа да жауап берді.

«Oсы уақытқа дейін 200 миллион теңге бөлінді. 40%-ға жуығы жүлде қорына кетті. Оны білу қиын емес. Жеңіс тұғырында тұрған спортшылар қолына сертификатты ұстап тұр ғой. Сонда санап алсаңыздар, сол соманың 30-40 пайызы шығады», — деді Бекболат Тілеухан.

Айта кетейік, 2-8 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында ІІІ Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары өтті. Оған 80-нен астам елдің 3000-ға жуық спортшысы қатысты. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орын алған болатын. Ел намысын 34 спорт түрінен 134 спортшы қорғады. Қазақстан қоржында 18 алтын, 24 күміс, 30 қола медаль бар. Бірінші орынды Қырғызстан құрамасы иеленді. Олар 37 спорт түрінен сынға түсіп, 40 алтын, 32 күміс, 31 қола, жалпы 103 жүлдені жеңіп алды. Үздік үштікті 56 медальмен Ресей Федерациясы қорытындылады. Оларда 17 алтын, 24 күміс, 27 қола.

ДереккөзInform.kz