Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарында қазақстандық ефрейтор қола жүлдегер атанды

Қырғызстанда өтіп жатқан Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарында Армия орталық спорт клубының спортшысы, ефрейтор Ғұмар Қырғызбаев қырғыздың белбеу күресінен қола медаль жеңіп алды.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ғұмар Қырғызбаев 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ресей палуанын жеңіп, үшінші орынды иеленді.

Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары — этноспорт әлеміндегі ең ірі оқиға. Бұл ойын екі жыл сайын Ыстықкөл жағасында өтіп жатыр. Апта ішінде әлемнің 66 елінен 1500-ден астам спортшы үздік деп танылған 37 түрлі этно-конкурстық сайыстарда бақ сынады. Жарыста спортшыларға 600-ге жуық медаль табысталады.

Спортшылардың физикалық дайындығы — әскердегі азаматтардың жауынгерлік қабілетін көрсетеді. Жаттығу орындары және спорттық құрал-жабдықтардың болуына байланысты біз халықаралық жарыстарда жақсы нәтижеге жету үшін физикалық дағдыны дамытамыз, — деді ҚР Спорт комитетінің төрағасы, ҚР ҚМ аоск бастығы полковнигі Расул Мейірманов.