Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысындағы қара металл прокатын шығаратын ірі кәсіпорын — «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамында болды. Кәсіпорынды аралап көріп, сұрыпты прокат өндіру технологиясымен және металлургия комбинатын одан әрі дамыту жоспарымен танысты.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысына ЖЭО-1 және ЖЭО-2 орталықтарын қайта жөндеу жоспары, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты шешімдер туралы баяндалды.
Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорынның еңбеккерлерімен кездесіп, әңгімелесті.
Қазір зауыт аумағында бойымды ерекше бір сезім баурап алды. Мен мұнда алғаш рет 1958 жылы кірген едім. Ол кезде бұл жерде ештеңе болған жоқ. Барлығы менің көз алдымда салынды, – деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев комбинат металлургтары мен еңбеккерлерінің жұмысы ауыр екенін атап өтіп, Теміртау мен зауытқа қатысты жағдайды үнемі өз бақылауында ұстайтынын айтты. Әңгіме барысында Елбасы компания басшылығына қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту жолында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі зор екенін ескертті. Қалада медициналық, білім беру және спорт нысандарының санын көбейту қажет екенін айтты.
Зауыттың еңбек ұжымы өкілдері Қазақстан Президентінің бастамаларына және елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға қолдау білдіретінін жеткізді.
Жұмыс сапары барысында Елбасы Теміртаудың мәдениет және демалыс саябағына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілген қайта жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен де танысты.
Мемлекет басшысы бюджеттен тыс қаражат есебінен саябақ аумағында салынған нысандарды аралап көрді. Сонымен қатар саябақта қаланың өткен ғасырдың 50-60 жылдардағы тарихын бейнелейтін театрландырылған қойылымды тамашалады.
Президент өз замандастарымен және металлургия комбинатында бірге жұмыс істеген бұрынғы әріптестерімен жүздесіп, әңгімелесті.