Басты бетЖаңалықтарМемлекеттік хатшы...

Мемлекеттік хатшы Ауғанстан әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігін кеңейтуді ұсынды

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты өңірлік конференцияға қатысты.

ҚР Президентінің ресми сайтының хабарлауынша, іс-шара Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қалпына келтіру, өңірлік бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін Қазақстанның ұзақ мерзімге арналған жәрдемі аясында ұйымдастырылды.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы конференцияға қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Онда Қазақстанның Ауғанстанда бейбітшілікті тезірек орнатуға көмектесуді жақтайтыны айтылған, сонымен қатар әйелдердің жағдайын жақсарту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және бейбіт өмірге қол жеткізу жолындағы Ауған үкіметінің қадамдары жоғары бағаланған.

Конференциядағы күн тәртібінің өзектілігі әйелдердің заманауи өмірдегі ерекше рөлін және көптеген саяси, әлеуметтік мәселелерді шешуге, шиеленістерді реттеуге, бейбітшіліктің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін айшықтай түседі. Тәуелсіздік алған сәттен бері Қазақстан гендерлік саясат мәселелерінде жоғары әлемдік стандарттарға қол жеткізу үшін және елдің әлеуметтік-саяси өміріндегі әйелдердің рөлін күшейту үшін жүйелі жұмыс істеп келеді. Қазақстан гендерлік теңдік жөніндегі барлық іргелі халықаралық құжатты ратификациялады, оның қағидалары біздің стратегиялық және саяси құжаттарымызда дами түсті, — делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.

Гүлшара Әбдіқалықова Ауғанстанды Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысқа тартудың маңызын атап өтті. Осы орайда Мемлекеттік хатшы Ауғанстандағы және тұтас өңірдегі нақты экономикалық жобаларды жүзеге асыру мақсатымен халықаралық бизнес өкілдерінің кеңінен атсалысуы арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Бұл Ауғанстан әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейте түседі.

Мемлекеттік хатшы жиналғандарға Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі — гендер саясаты, әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту екенін айтты.

Бізде әйелдердің саяси, экономикалық, әлеуметтік құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қажет шарттар жасалған. Бүгінде әйелдердің 50%-ы мемлекеттік органдарда жұмыс істейді. Еліміздің Парламент Мәжілісінің 27%-ы — әйелдер. Олардың саяси партиялардағы көрнекілігі 33%-дан 57%-ға жетеді. Әйелдер сонымен бірге азаматтық қоғамға белсене қатысады, үкіметтік емес ұйымдардың 300-ге жуығы мейнстримингпен айналысады. Көшбасшылар мектебінің республикалық желісі жұмыс істейді. Сонымен қатар саясаткер әйелдер клубы бар, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Конференция қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданды. Құжатта Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және жалпы Орталық Азия елдерінде негізгі гендерлік үрдісті ілгерілету ісіндегі өңірлік өзара іс-әрекеттің бағыттары айқындалған.

Мемлекеттік хатшы конференция аясында Өзбекстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – Әйелдер комитетінің төрайымы Тәнзила Нарбаевамен, Ауғанстан делегациясының басшысы – Ауғанстан Ислам Республикасының Әйелдер істері жөніндегі министрі Дильбар Назаримен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында Қазақстанның Өзбекстанмен, Ауғанстанмен ынтымақтастығының қазіргі ахуалы және перспективалары талқыланды.

Астана конференциясына Ауғанстан, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Еуропалық Одақ, Қытай, Ресей, Үндістан, АҚШ мемлекеттерінен және БҰҰ-дан жоғары деңгейдегі делегация өкілдері келді.

Қазақстан атынан конференцияға Мемлекеттік хатшыдан басқа, Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және басқа да жоғары лауазымды мемлекет қайраткерлері қатысты.