Басты бетЖаңалықтарТүркітілдес мемлекеттер...

Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің VI саммитінде қандай құжаттар қабылданды?

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жаһандану заманында ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді жас ұрпаққа қалдыру ерекше маңызды екенін айтты.

Бүгінгі саммит ұлттық ойын түрлерін және жастар саясатын дамытуға арналып отыр. Жүйелі түрде Түркі кеңесі жастары көшбасшыларының форумын, ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуді, түркі әлемінің бірегей тарихи жерлеріне өлкетану экспедицияларын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл шаралар жастарымызды жақындастырып, елдеріміздің мәдени ерекшелігі туралы білімдерін тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін

, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Түркі кеңесіне төрағалық еткен кезеңдегі нәтижелеріне арнайы тоқталды.

Біздің төрағалығымыз барысында ғылыми-ағартушылық жұмыстарға айрықша көңіл бөлінді. Атап айтқанда, «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірленіп, Әзірбайжанның, Түркияның, Қырғызстанның және Қазақстанның мектеп бағдарламаларына енгізілді. Түркі Академиясы тарихымызды танытып, сананы жаңғыртуға бағытталған 90-нан астам кітап шығарды. Төрт мың жылдық мәдени мұрамызды жинақтап, оны жариялауға арналған «Аталар мирасы» порталы іске қосылды. Туысқан елдердің тіршілік тамырын басып отыратын «Түркбарометр» әлеуметтік зерттеу жобасы жүзеге асырыла бастады. Туризм саласындағы әріптестігімізді жандандыру мақсатымен «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты жоба іске қосылды. Бұл Ұлы Жібек жолында орналасқан елдеріміздің көне тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін киелі орындарын 14 күнде аралап шығуға мүмкіндік береді

, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық ахуалдың өзгеруіне орай халықаралық қауіпсіздік проблемалары шиеленісе түскенін атап өтті.

Бұл – терроризм, діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз миграция және есірткі тасымалы. Аталған заманауи сын-тегеуріндер түркі дүниесіне де әсер етпей қоймайды. Мұның барлығы біздің кешенді іс-әрекеттерді қолға алуымызды талап етеді

, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ол Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастық күш-жігерді жұмылдырып, өзара даму үшін елдеріміздің одан әрі өркендеуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтты.

Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін бірлесе пайдалануымыз керек. Онда қаржы құралдарын дамытуға, капиталды шоғырландыруға және танымал инвесторлар мен қаржы эксперттерін тартуға барлық жағдай жасалған. Осыған орай елдеріңізді қаржы орталығының жұмысына белсене қатысуға шақырамын

, – деді Мемлекет басшысы. Саммитте Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетудің маңыздылығы мен елдердің транзиттік әлеуетін пайдаланудың басымдықтары туралы да айтылды.

Біздің елдеріміз құрлықтың ортасында Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғастырып жатыр. Ақтауда қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция өңіріміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Сондықтан, Түркі кеңесі көлік және теңіз әкімшілігі министрлерінің кездесуі аясында тариф саясаты мен әкімшілік тәртіптерді жеңілдету жөніндегі жұмыстарды белсенді жүргізуі керек

, – деді Қазақстан Президенті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуына орай Мемлекет басшысы түркі халықтарының мәдени мұрасын насихаттау мәселесіне тоқталып, осы елдердің қасиетті орындарын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты мұра етіп қалдыру үшін Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әлемінің киелі жерлері» арнайы жобаларын әзірлеуді ұсынды.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Түркі кеңесінің басқарушы органдарының қызметін оңтайландырып, тиімділігін арттыру мәселелеріне арнайы тоқталды. Жиын соңында Мемлекет басшысы қырғыз тарапын Түркі кеңесіне төрағалығының басталуымен тағы да құттықтап, табыс тіледі.

Саммиттің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VI саммитінің декларациясы.

2. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы мен оның орынбасарын тағайындау туралы шешім.

3. Венгрияға Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіндегі бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім.

Мемлекет басшылары мынадай құжаттар қабылдады:

1. Түркітілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасы.

2. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастықты дамыту және жастар саясаты туралы бірлескен мәлімдемесі.

3. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты бірлескен мәлімдемесі.