Санавиация апатқа ұшыраған 48 қазақстандықты елге жеткізген

Қазақстанның санитариялық авиациясы қызметін бастағалы бері апатқа ұшыраған 48 қазақстандықты елге жеткізген.

«Жалпы, 2011 жылдан қазірге шейін Қазақстан Республикасының санитариялық авиациясы алыс-жақын шетелдерден (Таиланд, Түркия, Швейцария, АҚШ, Оңтүстік Корея, Мысыр, Қырғызстан, Қытай, Ресей, т.б.) 48 ҚР азаматын елге жеткізді», — делінген хабарламада.

Шетелде зардап шеккен Қазақстан азаматтары қай елден болмасын, республикалық бюджет қаражаты есебінен әкелінеді.

Санитариялық авиация құрылғалы 15 мың қазақстандыққа көмек көрсетілген, соның 2 537-сі акушерлік ауытқуы бар әйелдер, 2 460-ы жаңа туған сәби, 3 249-ы бала, 2 365-і қан айналым жүйесі ауруларымен ауырған науқастар, 3 177-сі жазатайым оқиғаға тап болғандар, уланғандар, 1 458-і басқа аурулардан зардап шеккендер.

Еске сала кетейік, 30 тамыз күні санитариялық авиация Ресейдің Таулы Алтай өлкесінде жол апатына ұшыраған Қазақстан азаматы Хасен Білімбайды Алматының №4 қалалық ауруханасына жеткізген болатын.