Азиада-2018: жарыс күнін Надежда Дубовицкая қола медальмен аяқтады

29 тамыз күні Қазақстан құрамасы төрт медаль жеңіп алды: барлығы да - қола. 

Жазғы Азия ойындарында қазақстандық жеңілатлет Надежда Дубовицкая қола медаль жеңіп алды.

Ұлттық Олимпиада комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, биіктікке секіруден Надежда Дубовицкая үшінші орын алды, көрсеткіші — 1.84 метр. Алғашқы екі орынды Өзбекстан спортшылары иеленді.

Сайыста Дубовицкаяның алғашқы екі әрекеті сәтсіз болды, соңғы шешуші секіруі ғана медальға жеткізіп отыр.

Индонезияда Азия ойындарының 11-күні осымен аяқталды. Бүгін Қазақстан құрамасы төрт медаль жеңіп алды: барлық жүлде де — қола.

Күн қаһармандары — дзюдошылар Отгонцэцэг Галбадрах пен Елдос Жұмақанов, велотрекші Артем Захаров және жеңілатлет Надежда Дубовицкая. Артем Захаров ертең омниумнан жарысқа қатысады.

Дзюдодан Қазақстанның басты үміті Елдос Сметов екінші айналымда жеңіліс тауып қана қоймай, жұбаныш белдесулеріне де шыға алмай қалды. Жекпе-жек кезінде алған жарақатынан соң ол ауруханаға жеткізілді, абырой болып, сынық жарақаты анықталмады.

Бүгін еліміздің байдаркада және каноэде ескек есушілері іріктеу сынынан сенімді өтті. Олар ертең болатын финалдың фавориттері саналып отыр.

Кеше боксшы Асланбек Шымбергенов жартылай финалға өтсе, бүгін Әбілхан Аманқұл ширек финалда жеңіске жетті. Боксшы қыздардан ешкім келесі айналымға өтпеді.

Синхронды жүзуден әйелдер командасы медаль алуға сәл ғана жетпеді – төртінші орын.

Жеңілатлет Ольга Сафронова 200 метрге жүгіруде бесінші келді. Әйелдердің эстафета командасы ғана финалға өтті, ертең олар медальға таласады.

Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 51 медаль бар: 8 алтын, 9 күміс және 34 қола. Жалпыкомандалық есепте еліміз 12-орынға төмендеді.

Индонезияда 18 тамызда басталған Жазғы Азия ойындары 2 қыркүйекте аяқталады. Азиадаға Қазақстанның 440 спортшысы қатысып жатыр. Құрлықтың 45 елінің командасы арасында спорттың 42 түрі бойынша 476 медаль сарапқа салынды.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз