Азиада-2018: дзюдо мен велотректен қола медаль бұйырды

Дзюдошылар Отгонцэцэг Галбадрах пен Елдос Жұмақанов және велотрекші Артем Захаров Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қола жүлде үшін өткен кездесуде Отгонцэцэг Галбадрах қытайлық Яо Сюнді ваззари әдісімен жеңді.

48 келіде сынға түскен қазақстандық спортшы дзюдодан елімізге биылғы Азия ойындарының алғашқы медалін алып берді.

66 келіде сынға түскен дзюдошы Елдос Жұмақанов та Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды.

Қола медаль үшін күресте қатарлық палуанмен жолыққан Жұмақанов иппон әдісімен жеңіске жетті.

Велотрек бойынша Артем Захаров жекелей сында үздіктер қатарына енді. Қола медаль үшін өткен жарыста жерлесіміз Гонконг спортшысынан озды.

Бұл — қазақстандық велотрекшілердің биылғы Азия ойындарында жеңіп алған алғашқы медалі.