Министр баяндамасын мектепке дейінгі білім беру, орта білім және жоғары білім саласы бойынша жасады. Ол 2018-2019 жылдардағы жаңа оқу жылының басты міндеті ұстаздардың жағдайын жақсарта отырып, білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру екенін айтты.
Мектепке дейінгі білім беру
Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жақсы дамып келеді. Жекеменшік балабақшалардың үлесі 30%-дан асты. Ал 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 93%-ға жеткен.
«Балапан» бағдарламасы арқылы балабақшалардағы жалпы орын саны халықтың сұранысынан асты. Бірақ бұл республика бойынша. Аймақтарда дисбаланс бар. Сағадиевтің айтуынша, ол миграцияға байланысты. Ірі қалаларда, әсіресе Алматы мен Астанада балабақша орны тапшылығы — әлі де үлкен мәселе.
Одан кейінгі маңызды жұмыс балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беруді толығымен электрондық форматқа ауыстыру. Сонда кезек жария түрде және тез жылжиды.
Келесі жылдан бастап 0-сынып тәрбиешілері мен мұғалімдерді дайындауға кірісеміз. Латынша «Әліппе» және кирилицада «Букварь» базалық оқулықтарын дайындау жұмысы жүріп жатыр. Оқулықтар 2020-2021 оқу жылына дайын болады
, — деді министр.
Орта білім беру
Министрдің мәліметінше, былтыр бұл салаға көп көңіл бөлінді. Қазір кестеге сәйкес жаңартылған мазмұнға көшу жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-сыныптар мазмұны жаңартылған бағдарламамен оқи бастайды.
4, 9, 10-сыныптарда апробация басталады. Бұған кезең-кезеңімен көшіп отыруға мұғалімдер де, оқулықтар да дайын.
Қазіргі күні республика бойынша оқулықтарды мектептерге жеткізу 99,4% болды. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін көп жұмыс жасалды. Биыл оқулықтардың сапасы жоғары болады деп сенеміз. Оқулықтардың электрондық нұсқалары енгізілді
,- деді Білім және ғылым министрі. Сонымен қатар осы жылы 1-11-сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен оқу программалары бекітілді.
Ведомство басшысы енді тек бір типтік оқу жоспары болмайтынын айтты. Бірнеше типтік оқу бағдарламасы дайындалып, бекітілді. Мектептерге өзіне келетін жоспар бойынша жұмыс жасауға мүмкіндік берілген.
Енді әр мектеп қандай типтік оқу бағдарламасымен жұмыс істейтінін өзі шешеді. Жалпы мектептермен қатар гимназия, лицейлер, дарынды балаларға арналған мектептер үшін де, кешкі мектеп үшін де оқу жоспарлары мұғалімдер ұсынысы ескеріліп жасалды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7-сыныптарда «Өлкетану» курсы биыл алғаш рет енгізіледі. Оқулықтар мазмұны өңірлерде құрылған авторлық топтармен бірге жасалды.
Биыл «Информатика» пәні 3-сыныптан басталады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында информатика сабағы келесі жылдан 1-2-сыныптарда енгізіледі. Олардың бағдарламасы әзірленіп жатыр.
Цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылып жатыр. Әр пән бойынша ресурстар мектептерге 100% жеткізілді, еңді мұғалімдер оны тиімді пайдалана білуі қажет. Министрліктің ұсынысымен жаңа оқу жылынан бастап әр балаға жеке логин беріледі. Енді цифрлық ресурстар үйде де, мектепте де бәріне тегін қолжетімді болады. Электрондық құжаттарды кең жолақты интернеті жоқ мектептерде ғана қағаз түрінде толтыруға рұқсат беріледі.
Цифровизация, яғни IT-технология-лар мен робот техникасын дамыту үшін қосымша білім берудің мүмкіндіктерін пайдалану керек. Жергілікті атқарушы органдар робот техникасы, программалау, 3D-принтинг кластарын ашып жатыр. Қазіргі уақытта 1 500 мектепте осындай кластар бар. Барлық өңірде IT-лицейлер ашу жоспарланып отыр. Ол үшін министрлік тиісті норматив дайындады
, — деді министр.
ҰБТ нәтижесіне қарағанда, өткен оқу жылында қазақ және орыс мектептері арасындағы айырмашылық толық жойылды. Бірақ ауыл мен қала білімі сапасының айырмашылығы сақталып отыр. Сондықтан биыл дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, ауыл мектептерінің материалдық техникалық жағдайын жақсарту және мұғалімдерге арналған курстар басталады.
Мұғалімдер мәселесі
Министрлік педагогтар толтыруға тиіс құжаттар тізбесін алғаш рет бекітті. Ол — тек 5 құжат, одан басқа мұғалімдерден ешқандай есеп, ешқандай қағаз сұралмауы тиіс.
Ерлан Сағадиев Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылынан бастап ҰБТ-ға қатысу міндетінен мұғалімдерді босатуды қолдайтынын мәлімдеді.
Мұғалім тек сапалы білім берумен айналысуы керек. Мектептердің ҰБТ бойынша рейтингін де алып тастадық. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 205 мың (67%) мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді және биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50%-ға дейін қосымша үстемақыны қарастырады
, — деді Ерлан Сағадиев. Аттестаттауға мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, олардың ішінен 36 мың-нан астамы аттестациядан өтті. Олар 63% болды. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді.
Сонымен бірге биыл 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр.
8 мыңнан астам пән мұғалімі жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тіл курстарынан білім алды. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріседі.
«Ұстаз» орталығы барлық өңірде ағылшын тілінде сабақ бере бастайтын 4 500-ден астам мұғалім үшін менторлық арқылы қолдау жасайды. Бір жыл бойы бұл мұғалім-дерді толығымен қолдап, үйретіп, сабақтарына қатысып, нақты көмек көрсетіледі.
Жан басына қаржыландыру механизмі енгізіле береді. Тиісті норматив бекітілді. Бұл жүйе Астанада толығымен 74 мемлекеттік және 11 жекеменшік мектепте енгізіліп жатыр. Шымкент мектептерінде де осындай жұмыс басталды.
Мемлекет мектепті жаппай салуға бұрын болмаған қаражат бөлсе де, осы мәселені толығымен шешу үшін бизнестің қатысуы өте маңызды. Жан басына қаржыландыру арқылы жекеменшік компанияларды мектептерді салу жұмысына тартуды барлық қалада бүгіннен бастап қолға алу қажет. Республикалық бюджетте жекеменшік компанияларға инвестицияны қайтарып беру қаражаты қарастырылған, нормативтік базамыз бар, Астана бастап кетті. Облыс әкімдерінен осы мәселеге назар аударуды сұраймын
, — деді бас педагог.
Жоғары білім саласы
Жоғары білім беру саласында қазіргі заманғы білім беру бағдарламаларына және студенттерге талап күшейтіледі. Академиялық еркіндік туралы заң ЖОО-ларға білім беру бағдарламаларын шұғыл жаңартуға мүмкіндік береді. «Атамекен» палатасының білім беру бағдарламалары рейтингі университеттерді білім сапасын арттыруға, нарыққа қажет және қазіргі заманғы мамандықтарды оқытуға нақты бағыттайды.
ЖОО-лар жауапкершілігін арттыратын уақыт келді. Мемлекет басшысы былтыр білім гранттары санын бұрын-соңды болмаған деңгейге — 10 мыңға және биыл 20 мыңға көбейтті. Маған барлығымыздың атымыздан Нұрсұлтан Әбішұлына зор алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Бізге үлкен сенім артылды, сондықтан ЖОО-лардың сапаға қатысты жауапкершілігі нөмірі бірінші міндет болып отыр
, — деді Ерлан Сағадиев. Енді министрлік ЖОО түлектерінің еңбекке орналасу рейтингін негізге ала отырып, оқу орындарынан жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен мамандықтар бойынша лицензияларын қайтарып алу шарасын қолға ала бастайды.
Биыл 17 лицензия кері қайтарылды. Бұл бағытта жұмыс күшейтіледі. Бұл ЖОО-лардың негізгі бағыттар бойынша мамандануына себеп болады. Диплом түлектің еңбек нарығына орналасуына мүмкіндік бермесе, ол мамандықты оқытудың қажеті жоқ
, — деді ведомство басшысы. Университеттерге, институттар мен академияларға жеке-жеке талап күшейеді. Жоғары оқу орны өзін түрліше атауы мүмкін, бірақ бұдан былай қай оқу орны университет, қай оқу орны академия оны Білім және ғылым министрлігінен тәуелсіз объектив жүйе анықтайды.
Министрлік академиялық талапшылдық үшін лига құруды қолдайды. Бұл — ЖОО-лардың өз бастамасы. Қазақстанда ЖОО-лар лигасы құрылып жатыр, ол студенттерге жоғары талап қойып, академиялық әділдікке жол ашады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік ЖОО ректорлары үшін KPI бар, антиплагиат жүйесі мен реттеуші мамандықтар түлектерін сертификаттау жүйесі кезең-кезеңмен енгізіледі.
Мұндай жаңашылдықтар колледждерге де қатысты болады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік тапсырыс бойынша техникалық және кәсіби білім алатын колледж студенттерінің үлесі 54%-ға көбейді. Бұл соңғы бес жылда колледждер контингентінің азаю үдерісін тоқтатуға мүмкіндік берді.
«Білім беру туралы» заңның техникалық және кәсіби білім беруге қатысты тұсы толықтырылды. WorldSkills негізінде барлық 246 мамандық бойынша модульдік бағдарламалар жасалды, тиісті құзыреттіліктер жұмыс берушілермен келісілді.
Соңғы жылдары Қазақстан WorldSkills халықаралық чемпионаттарына үш рет қатысып, көрсеткішін жақсартып келеді.
Соңғы екі жылда еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру саласына қажет 500 шетелдік оқулық аударылды. Арнайы пәндерді оқыту соған негізделеді. 10 мыңға жуық оқытушы мен шебер жаңартылған мазмұн бойынша білім жетілдірді. Демек, орта арнаулы оқу орындары оқытушылар құрамы мен оқу бағдарламасы жағынан түгел жаңарады.
Кредит технологиясы — үлкен мәселелердің бірі. Жаңа оқу жылынан бастап, ЖОО-лармен бірлескен пилот жобасы 46 колледжге енгізіледі, сол бойынша колледж студенті алған кредит ЖОО-ға ауысқан кезде автоматты түрде есептеледі.
«Атамекен» ҰКП жүргізетін рейтинг келер жылдан бастап, колледжерге де қатысты болады. Сөйтіп, мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруға, білім бағдарламаларына нарық талабын ескере отырып түзету енгізуге негіз болады және орта арнаулы оқу орындарын профильдеуге септігін тигізеді
, — деді министр. Оның мәліметінше, қазіргі кезде колледждердегі бір-бірін қайталайтын және нарықта сұранысы жоқ 109 мамандық қысқартылды. Бұл 66 профильдің өзгеруіне және 20 колледждің бірігуіне себеп болды. Бұл бағытта да жұмыс жалғасады.