Оралда «Өлкетану» оқулығы таныстырылды

Жаңа бағдарлама авторларының қатарында Батыс Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, өлкетанушылар, тәжірибелі педагогтар мен әдіскерлер бар.

22 тамыз күні БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың қатысуымен «Өлкетану», «Краеведение» атты екі тілде жазылған оқулықтың таныстырылымы өтті. Қазір оқулықтар баспаға жіберуге дайын.

«Оқулық өскелең ұрпақ туған өлке тарихын терең біліп, санасына сіңіріп өссін деген мақсатпен жасалды. Олар мемлекеттік сараптамадан өтті. Айтылған сын-ескертпелер ескеріліп, қайтадан өңделіп, енді баспаға жіберілгелі тұр. Кез-келген дүниені жаңартып, жаңғыртып отыру заман талабы. Сондықтан бұл оқулық та қатып қалған дүние емес, әлі талай қарастырылып, толықтырылады», — деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Жиналыс
©Батыс Қазақстан облысы
Ішкі саясат басқармасы

«Өлкетану» оқулығы 34 мың данамен «Арман-ПВ» баспасынан басылып шығып, қазақ тілі мен әдебиеті, география, музыка, Қазақстан тарихы пәндерімен қатар оқытылады. Оқу жүктемесінің көлемі — 20 сағат. Жоспарда 5-сыныпта 5 сағат, 6-сыныпта 7 сағат, 7-сыныпта 8 сағат оқытылады деп белгіленген.

«Оқулық 202 беттен тұрады. Батыс Қазақстан облысының мектепте оқылып жүрген оқулыққа енбеген тарихын, енсе де аз берілген мәліметтерді топтастырып, баланы ойландыратындай материалдарды оқулыққа жинап басу оңайға соқпады. Оқушыларды ұлтжандылыққа, туған өлкесіне қызығуға жетелейтін сәтті бастама жүзеге асты деп есептеймін. Балалардың қажетіне жарасын, тарихын тануға, өлкенің өрнектерін өміріне сіңіруге сеп болсын», — деді белгілі ақын-ұстаз, оқулық авторларының бірі ШОЛПАН Қыдырниязова.

Басқосуда өлкетанушы, сараптау кеңесінің мүшесі Жайсаң Ақбай атқарылған іске оң бағасын берсе, тарихшы-ғалым, оқулық авторларының бірі Жаңабек Жақсығалиев Қазақстан тарихы пәні бойынша оқулыққа енген мағлұматтарға тоқталды.