Оңтүстік Қазақстанда бір топ полиция қызметкерінің құрықталғаны ресми түрде расталды

— Оңтүстік Қазақстан облысында ауқымды шара өткізгенімізді білесіздер. Бұл ішкі істер департаментінің қызметіне қатысты. Тіркеу-емтихан бөлімшесі бар екенін білесіздер. Онда жемқорлық өршіп тұр, — деді Алик Шпекбаев Қарағандыдағы кеңейтілген кеңесте.

Оның сөзіне қарағанда, ұсталғандардың ішінде бөлімше басшысы мен мамандар да бар.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро төрағасының орынбасары ұсталған полиция қызметкерлерінің санын айтпады.

— Тоғыз адам ұсталып, құжаттары мен мөрлері тартып алынды. Алдағы уақытта толығырақ ақпаратты береміз деп ойлаймын, — деп қосты ол.

Жемқорлыққа қарсы ведомствосының ақпаратынша, 2014 жылдан бері республикамыз бойынша полиция қызметкерліне қатысты 143 қызметтік және жемқорлық қылмыстық іс қозғалған. 59 полиция қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы жүргізген арнайы операциясы кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының тіркеу-емтихан бөлімшесінің 15 қызметкерін ұстағаны мәлімделген еді.

Бізге сұхбат берген дерек көзі құрықталған полиция қызметкерлерінің кейбіреуінің аты-жөнін атады. Оның ішінде ОҚО ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының тіркеу-емтихан бөлімінің бастығы Жаппаров, оның қол астындағы Болтабеков, Жанабаев, Куанышбеков сынды тағы 9 полиция қызметкері бар.

Арнайы операция кезінде полиция қызметкерлері кабинетте бір құжаттарды өртемек болып әрекеттенген.