Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстанға барды

Мемлекет басшысы Түрікменстанға ұшып барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Президенті Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысу үшін Түрікменбашы қаласына келді», — делінген хабарламада.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдардағы отырыстарына қатысады және Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездеседі.

23 тамыз күні Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Атырау облысында болған еді. Президенті жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарды аралады, студент жастармен кездесіп, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңеске қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар бағытына қатысты оң нәтижелерге тоқталып, өңір экономикасы өсімінің негізгі көрсеткіштері өндіруші секторға тиесілі екенін атап өтті.

“Мен бағасы құбылмалы шикізат ресурстарына үміт артпай, баламалы өндіріс құруға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын ұсындым. Үлкен кәсіпорындар құру міндетті емес, экспортқа жұмыс істейтін икемді жобаларды жүзеге асыру қажет”, – деді Мемлекет басшысы.