Әділбек Мусин мен Ерасыл Қайырбек Азиаданың қола жүлдегері атанды

23 тамыз күні Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бірнеше қола жүлдемен толықты. 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Әділбек Мусин қола медаль иеленді.

Әділбектің уақыт көрсеткіші — 23.73. Бұл осы қашықтықтағы Қазақстанның жаңа рекорды.

Алтын жүлде иеленген сингапурлық спортшы 23.61, күміс жүлдегер қытайлық 23.65 уақыт көрсеткішімен мәреге келді.

Әділбек Мусин іріктеу айналымын да осындай көрсеткішпен аяқтаған еді.

Бүгін сонымен бірге таэквондодан 68 келі салмақта сынға түскен Ерасыл Қайырбек Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Ерасыл Қайырбек. Фото: Данияр Майлыбаев

Жартылай финалдық бәсекеде Ерасыл кореялық спортшыдан 10:32 есебімен жеңіліп қалды.

Таэквондо ережесі бойынша жартылай финалда ұтылған спортшы қола жүлдегер атанады.

Еске салайық, бұған дейін стенд атудан Мария Дмитриенконың және академиялық есуден Александра Опачанованың қола медаль иеленгенін хабарлаған едік. Күннің басты жаңалығы — велоспортшы Алексей Луценконың алтын медальді жеңіп алуы.