Әсет Исекешев ұстаздарға қанша үй берілетінін айтты

Әсет Исекешевтің айтуынша, алдағы бес жылда 24 жаңа мектеп ашылады. Соның бәріне 5 000-нан астам мұғалім қажет болады.

«Осыған байланысты қала әкімдігі мықты мамандарды тартып, оларға жағдай жасау жағын ойластырып келеді. Соңғы 10 жылдың ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында астаналық мұғалімдерге 2 500-ден астам пәтер берілді. Дегенмен қала өсіп келеді. Енді, бізге барлық салалар бойынша мықты мамандардың корпусын қалыптастыру қажет. Олардың ішінде мұғалімдер, полицейлер, дәрігерлер, өрт сөндірушілер және тағы басқа мамандар бар. Қазір Мемлекет басшысының бастамасымен «7-20-25″ бағдарламасының қолға алынғанын бәріміз жақсы білеміз. Кәсіби мамандар корпусын қолдау мақсатында біз осы санаттағы қызметкерлерді баспанамен қамту тетіктерін әзірлейміз. Сөйтіп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірге бюджеттік саланың 10 мың қызметкерін пәтермен қамтамасыз етеміз. Соның ішінде 3 мыңдай пәтер мұғалімдерге таратылады», — деді Әсет Исекешев білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен тамыз конференциясында.

Қазіргі уақытта республика бойынша бір мектепке шамамен 800-1500 оқушы барады. Астанада бұл көрсеткіш 1500-ге жетіп отыр. Алдағы бес жылда қалаға тағы 120 мыңнан астам оқушы келеді деген болжам бар.

«2011 жылы Астана мектептерінде 75 мың оқушы оқыса, былтыр аталған көрсеткіш 140 мыңға жетті. Биыл 155 мың оқушы болады деп отырмыз. Осыған байланысты алдағы бес жылда мемлекеттік бюджеттің есебінен 24 мектеп салынады», — дейді Әсет Исекешев.