Басты бетЖаңалықтарЕлімізде шетелдік...

Елімізде шетелдік студенттерге қанша білім гранты бөлінді?

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 16 сәуірдегі қаулысына сәйкес, биылғы оқу жылына Халықаралық келісімдер бойынша шетел азаматтарын оқытуға 140 грант бөлінді», — делінген министрліктің мәліметінде.

Бұдан бөлек, елімізде 2018-2019 оқу жылына бөлінген мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемі 69 089 орын болды. Оның ішінде 13 220 магистратураға, 2 275 орын PhD докторантураға бөлінді.

«Мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруда техникалық және технологиялық мамандықтар бойынша мамандар даярлауға баса назар аударылды. Аталған мамандықтар тұрғысында барлығы 25 237 грант бөлінді. Бұл ретте техникалық мамандықтар бойынша ақпараттық технологиялар, робототехника, нано-технология саласында инженер мамандарды даярлауға, сондай-ақ  педагогикалық мамандықтар, оның ішінде күшейтілген тілдік құзыреттілігі бойынша педагог мамандар даярлауға басымдық берілді», — деп нақтылады ведомство баспасөз қызметі.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда жоғары оқу орындарында білім алуға 53 500 мемлекеттік грант бөлінген. Оның 24 мыңы техникалық мамандықтарға, 9 мыңнан астамы педагогикалық, 2 785-сі ауыл шаруашылық және ветеринарлық мамандықтарға беріледі.

2 700 грант медициналық мамандыққа бөлінген. Құқықтану мамандығына ең аз грант беріліп отыр. Қалғаны әлеуметтік-экономикалық, қызмет көрсету, әскери мамандықтарға қарастырылған.

ДереккөзInform.kz