Азиада-2018: төртінші жарыс күнінің қорытындысы

Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарының төртінші күні де Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды.

Бүгін Джакарта мен Палембангта еліміздің спортшылары сегіз медальді жеңіп алды: бір күміс және жеті қола.

22 тамыз күні күміс жүлдеге грек-рим күресінің балуаны Нұрмахан Тінәлиев қол жеткізді. 130 келіге дейінгі балуандардың финал бәсекесінде ол Өзбекстан спортшысы Муминжон Абдуллаевтан 0:8 есебімен жеңіліп қалды. Нұрмахан Тінәлиев 2010 және 2014 жылғы Азия ойындарында жеңімпаз атанған еді. 

Бүгін қола жүлдеге семсерлесуден Қазақстанның ерлер (Руслан Курбанов, Дмитрий Алексанин, Эльмир Алимжанов және Вадим Шарлаимов) және әйелдер (Әйгерім Сарыбай, Тамара Почекутова, Татьяна Приходько және Айбике Хабибуллина) құрамасы, суда жүзу шебері, Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин, ескек есуші Александр Куликов, таэквондошы Нұрлан Мырзабаев, грек-рим күресінің балуандары Азамат Құстыбаев пен Ерұлан Ысқақовтар ие болды.

Сөйтіп, төртінші жарыс күнінен соң Қазақстан 2018 жылғы Жазғы Азия ойындарының 21 медалін жеңіп алып отыр: бір алтын, алты күміс және 14 қола.

Азия ойындары 2 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарыстарға барлығы 440 спортшымыз қатысып жатыр.

ДереккөзSports.kz