Нұрмахан Тінәлиев Олимпиада жолдамасын жеңіп алды

Еркін күрестен 97 келіде өнер көрсететін павлодарлық Мамед Ибрагимов ширек финалда тәжік Рустам Ескандриді 10:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда моңғолиялық Худербулга Доржхандты ұтты. Өкінішке қарай, финалда қырғызстандық Магомед Мусаевтан ұтылды. Дегенмен Қазақстан құрамасына 97 келідегі Олимпиада жолдамасын әперді.

Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Нұрмахан Тінәлиев барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, жолдамаға иелік етті.

Әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері 130 келі салмақ дәрежесінде күресті. Ол ширек финалда ирандық Башир Асгари Бабаджанзадеха Дарзиді,одан кейін қытайлық Хуанг Мэнгті жеңді. Ал финалда қырғызстандық Мурат Романовтан айласын асырды.

Сондай-ақ әйелдер арасында 75 келіде белдескен Гузель Манюрова осы турнирде екінші орын алып, Олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Ол финалда моңғолиялық балуан қыздан ұтылды.

Осылайша екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан 5 лиценциязға ие болды. Алғашқы жарыс күнінде Ғалымжан Өсербаев, Эльмира Сыздықовалар төрт жылдықтың басты жолдамасын жеңіп алған еді.

ДереккөзBAQ.KZ