Басты бетЖаңалықтарАзиада-2018: Қазақстан...

Азиада-2018: Қазақстан құрамасы 9-медальді иеленді

Қазақстан таэквондошысы Жансель Дениз Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында күміс медальді жеңіп алды. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.

67 келіден жоғары салмақта сынға түскен спортшы финалға дейінгі айналымдарда Филиппин, Вьетнам, Өзбекстан таэквондошыларын жеңген еді. Финалда Жансель Дениз Оңтүстік Корея спортшысы Дабин Лиден 21:27 есебімен жеңіліп қалды.

Дениз Қазақстан құрамасына 2018 жылғы Азия ойындарындағы тоғызыншы медальді алып берді. Бұған дейін 80 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғаған таэквондошы Руслан Жапаров Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Фото: Сали Сабиров

Жартылай финалда ол Иран спортшысына 7:11 есебімен жол берді. Осылайша Жапаров Қазақстан қоржынына сегізінші жүлдені салды.

Ал ұлттық құраманың жетінші медалін Кирилл Казанцев жеңіп алған еді. Ол маунтинбайктан Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Спорттың бұл түрінен ел тарихында мұндай жеңіс бұрын-соңды болған емес.

Фото: ҚР ҰОК

Кросс-кантри категориясында сынға түскен спортшымыз бірнеше айналым бойы бірінші орында келе жатқан. Алайда мәреге жақын қалғанда сыр беріп, қытайлық спортшыларды алдына жіберіп алды.

«Маған көмек көрсетіп, жанкүйер болған жандардың барлығына рахмет! Бұл медаль сіздерге арналады. Жарысқа келер болсам, алғашқы үш айналымда мен көш бастадым. Шамамен 20   секундтай алда келе жаттым. Алайда қытайлықтар мені қуып жетті де,  соңғы төрт айналымда үшінші орында болдым. Қоладан айырылмауға тырыстым. Бұл біздің дайындығымыз жақсы болғанын көрсетеді», — деді Казанцев.

Қазақстан Индонезиядағы Азия ойындарында бір алтын, үш күміс, бес қола медальмен жалпы есепте 11-орында келеді. 20 тамызда, яғни екінші жарыс күнінен соң ел қоржынына алғашқы алты медаль салынған болатын.