Талдықорған әкімі Дастан Шалтабаев спортшылар мен спорт ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Жетістігімен көзге түскендер алғысхатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Біздің қаламызда спортқа ден қойған адамдардың саны жылдан жылға арта түсіп отыр. Спортшыларымыздың жетістіктері мен жеңістері де көбейіп келеді. Олар республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де мақтанарлық нәтижелерге жетіп жатыр. Бүгінде қаламызда 289 спорт нысаны болса, барлығы тұрғындардың дене шынықтыруына, спортпен шұғылдануына қолжетімді. Алдағы уақытта қала аумағында аула спорт алаңдарын салуды жоспарлап отырмыз»,- деді Талдықорған әкімі.
Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев Талдықорған аумағында спортқа жақсы жағдай жасалғаны жарыстарда оң нәтижелерге жетуге себеп болғанын айтты. Грек-рим күресінің палуаны қалалық ZHETYSU CHAMPIONS футбол клубының формасын қала әкімі мен оның орынбасары Мәрлен Көлбаевқа табыс етіп, оларға апта сайынғы ойындарына қатысып тұруға ұсыныс жасады.
Қазіргі уақытта Алматы облысы орталығы аумағында балалар мен жасөспірімдердің 7 спорт мектебі, спорттағы дарынды балаларға арналған 1 облыстық мектеп-интернат, жоғары спорт шеберлігінің 1 мектебі және Олимпиада резервін даярлайтын 1 орталық, 21 спорт федерациясы жұмыс істейді. Бұл мекемелерде спорттың 33 түрі бойынша 88 бөлімшеде 6700 спортшы дайындалады.