Министр жайлау туризмін әлемге насихаттағысы келеді

ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі мен Алматы облысының əкімдігі елімізде алғаш рет Алакөл жайлауларына этнографиялық сапар ұйымдастырды.

Алакөл ауданы Лепсі ауылынан Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы облысы əкімінің орынбасары Жақсылық Омар, «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма кеңесінің төрағасы Сауат Мыңбаев, «Жерсу» корпорациясының басқарма кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, ММА аралас жекпе-жегінің шебері Арман Оспанов, 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев сияқты елге танымал азаматтар сəйгүліктерін сайлап, құмай тазыларын ертіп, бүркіттерін қолдарына қондырып, қарияның ақ батасын алып, жолға шықты.

30 шақты салт атты 4 сағатта 50 шақырым жолда бір тұяқ серіппестен Жетісу Алатауының солтүстік сілемдерін бойлай, теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан Жамантас жайлауына жетті.

Жол бойы экотуризм мен экстремал туризмді, этнографиялық туризмді дамыту, еліміздің жайлауларын насихаттау мәселелері сөз болды.

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бұл шараның ең басты мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ата дәстүрді жаңғырту, оны кеңінен насихаттау арқылы шетелдіктердің біздің елімізге қызығушылығын арттыру, Қазақстанның туризмдік әлеуетін әлемге паш ету.

Жамантастың көк шалғынында мыңдаған бас төрт түлік жайылады. Меймандар келгенде жайлаудың қақ ортасына ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, дәстүрлі әндер айтылды, жігіттер көкпар тартысты.